Алматы қаласы аумағында орналасқан үш бірдей заңсыз ғимарат сот шешімімен сүрілді. Тау бөктерінде Көлсай ш/а., №2237 уч. салынып жатқан үш заңсыз ғимараттың сүрілуіне Қала құрылысын бақылау басқармасының шағымы негіз болған.
Басқарма ақпаратына сүйенсек, жоспардан тыс тексеру кезінде меншік иесі (жеке тұлға) тиісті рұқсат құжатсыз ғимарат тұрғызуға кіріскені белгілі болған. Меншік иесі 316-бап 1-бап бойынша әкімшілік жауапқа тартылған.
2023 жылы 25 сәуірде басқарма Алматының Медеу аудандық сотына ғимаратты сүру туралы арыз берген. 2023 жылы 22 қыркүйектегі сот шешімімен талап қанағаттандырылған.
Қалалық Әділет департаментінің сот орындаушыларының қатысуымен меншік иесі өз еркімен ғимараттарды бұзуға кіріскен.
2023 жылғы желтоқсанда Алматы әкімдігі мен қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бірлескен жұмысы аясында таулы жерлерде заң талаптары мен құрылыс нормаларына мүлдем сай келмейтін салынып жатқан 52 нысанды анықтағанын жазғанбыз.
Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, қаладағы 19 нысан бойынша толық немесе ішінара бұзу, учаскені бастапқы күйіне келтіру және нұсқаманы мәжбүрлеп орындау туралы сот шешімдері заңды күшіне енген.
Соңғы екі жыл көлемінде заңсыз құрылыс салушыларға 20 қылмыстық іс қозғалып, 16 тұлға сотқа тартылған. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметі бойынша, нарықтың 28 пайызы ғана заңды бағытта жұмыс істеп жатыр.
Бұған дейін атап өтілгендей, 2023 жылы құрылыс нысандарын жоспардан тыс 1074 тексеру барысында 1140 бұзушылық анықталды.