Жаңалықтар

Таиланд жауһары – Самуи аралы: жаз маусымындағы нағыз жайлы демалыс

Самуи аралы Таиланд еліндегі жаз айлары үшін ең жайлы демалыс аумағы / Фото: Риза Тұрдақынқызы

Жаз маусымы тай елі үшін туристер аз келетін уақыт. Сондықтан дәл осы кезде ондағы демалыс орындарының бағасы арзандайды. Сонымен қатар туристік операторлар саяхатшылар үшін жайлы орындар іздеп, тиімді мүмкіндіктер ұсына бастайды. Selfie Travel туристік операторы тарапынан осындай ұтымды ұсыныстың бірі – Таиландтың Самуи аралындағы демалыс. 

Саяхат маусымы қараша мен наурыз айлары аралығында қызатын мемлекеттердің бірі – Таиланд. Жаңбырлы маусым бұл елде сәуір мен қазан аралығында, дәл осы кезеңде теңіз толқындары асаудай тулайды.

Алайда Тынық мұхитының Сиам бұғазында орналасқан Самуи аралында саяхатшылар жаз айларында да керемет демалыс өткізе алады. Өйткені дәл жаз мезгілі Самуиде саяхатшылар үшін аса қолайлы кезеңнің бірі.  Жаңбыр аз, ал Сиам бұғазындағы дәл осы тұста теңіз беті де анағұрлым тыныш әрі мінезсіз.

Айта кету керек, Самуи аралына ең жақын орналасқан Сураттхани қаласына 2024 жылғы 31 мамыр күні Scat Airlines әуе компаниясы чартерлік рейстер ашқан болатын. Таиландың осы қаласына Қазақстаннан он күнде бір рет қатынайтын бұл чартерлік рейстер алдағы уақытта  тұрақты ұшуы ықтимал. Өйткені қазақстандық саяхатшылар арасында тай елінің Самуи аралында демалуға деген  сұраныс жоғары. Бұл туралы «Курсив» тілшісіне Selfitravel халықаралық туристік операторының өкілдері хабарлады.    

Scat Airlines компаниясының Алматы- Сураттхани чартерлік рейсінің ашылуы қазақстандық туристер үшін Самуи аралында демалыс құнын біршама арзандатты. Өйткені бұған дейін Самуи аралына Банкгок немесе Пхукеттен ұшақ арқылы ғана жетуге мүмкіндік болған еді. Ал Таиландта ішкі әуерейстерінің құны әдетте арзан бола бермейді.

 Айта кету керек, алғашқы рейсті тай елінің өкіметі де көптен күткен оқиға ретінде қабылдап. Сураттхани әуежайында қазақстандық саяхатшыларды салтанатпен қарсы алды.   

Қазақстандық туристерді салтанатты қарсы алу рәсіміне қатысқан тай елінің туризм жөніндегі ведомство өкілі / Фото: Риза Тұрдақынқызы

Самуи аралы несімен ерекше?

Сураттхани провинциясына қарайтын Самуи көлемі жағынан тай еліндегі Пхукеттен кейінгі екінші ірі арал. Жалпы көлемі 230 шаршы шақырымға жуық. Ол Банкогтан 700 шақырым қашықтықта орналасқан. Аралға Сураттханидан су жолы және тек ішкі әуе рейстері арқылы ғана жетуге болады. Пандемияға дейін Самуи туристердің сүйікті демалыс орны болғанымен, 2020 жылдан кейін мұнда қатынайтын саяхатшылар саны анағұрлым азайған.

Жалпы Самуи аралына халық тек өткен ғасырдың 70-ші жылдары ғана қоныстана бастаған. Аралдың тұмса табиғаты тай елінің өкіметі тарапынан ерекше қорғалады. Сондықтан болса керек, Самуи аралында әлемдегі ең әдемі әуежайлардың бірі орналасқан болса да, оған өзге мемлекеттердің әуе кемелеріне ұшып келуге рұқсат жоқ, әрі ол техникалық тұрғыда да қарастырылмаған. Сондай-ақ аралда зәулім ғимараттар жоқтың қасы. Есесіне халқы қарапайым тірлік кешеді. Аралда тек бір ғана ірі сауда орны бар. Дегенмен аптаның жекелеген күндері жұмыс істейтін ашық базарлары мен түнгі базарлар туристер назарын ерекше аударады.

Ang-Thong Ұлттық теңіз саябағындағы әйгілі маймыл аралы / Фото: Риза Тұрдақынқызы

Аппақ құмдары күнге шағылысқан, биік пальмалары аспанмен таласқан аралдың табиғаты айрықша. Самуи ортасында орналасқан тау оны екіге бөліп жатыр. Арал аумағының басым бөлігінде джунгли орманы бар. Ал демалыс орындары айнала жағалау бойында орналасқан.

Аралдың сәні неде?

Жалпы бұл арал шулы демалыстан гөрі, оңаша әрі отбасымен дамыл табуды жөн санайтын туристер үшін таптырмас мекен. Сонымен қатар қоршаған ортаның тазалығы мен жануарлар әлеміне жанашыр туристер де қалауын осы аралдан табары хақ.

Самуиде пілдерді қорғауға арналған бірнеше саябақ бар. Онда алып жануарды тамақтандырып, жуындырып, онымен бір күніңді өткізуге болады. Бағасы адам басына 900 баттан (шамамен 11 мың теңге) басталады.

Снэрклиң арқылы су асты өмірін тамашалауға болады / Фото: риза Тұрдақынқызы

Сонымен қатар су асты өмірін тамашалап, ашық теңізге шомылғыңыз келсе, немесе тауға өрмелеп – хайкиңмен айналысқыңыз келсе – Ang-Thong (National Marine park) Ұлттық теңіз саябағына саяхаттауға мүмкіндік бар.  

Жалпы бұл ұлттық саябаққа кіретін аралдар бір кездері атқылағаннан жанартаудан кейін пайда болған деген аңыз бар. Бүгінде жанартау толығымен сөнген, ал бір кездері лава атқылаған жерде «Talei Nai» немесе «зүбаржат мүйіс» шағын көлі пайда болған. Ұлттық парктің ең биік нүктесі 600 метрге жуық. Ол нүктеге арнайы тас баспалдақпен шығуға болады. Ол төбеден саябаққа кіретін барлық шағын аралды биіктен тамашалауға мүмкіндік бар.

Ang-Thong Ұлттық табиғи саябағындағы «Зүбаржат мүйіс» / Фото: Риза Тұрдақынқызы

Самуи аралындағы саяхатшыларға ұсынылатын тағы бір экскурсия бағыты –  Nang Yuan аралы. Шағын ғана үш аралдың тоғысқан тұсы – әлемдегі ең көрікті жерлердің тізіміне кіреді. Мұндағы аппақ шағыл құм мен мөлдір таза судың кереметі – келген адамды бей-жай қалдырмайды. 

Көлемі тасбақаға ұқсас Тао аралы да өзінің әдемілігімен келген жанды үйіріп әкетері сөзсіз. Мұндай экскурсиялар барысында дайвиң, сноркелиң, каякиң секілді дүниелер де ұсынылады. Түскі тамақпен қоса осы ермек түрлері экскурсия ақысына кіреді. Мұндай саяхат құны адам басына 2500-3000 бат (32500 теңге) көлемінде

Самуидегі демалыс орындарын қалай таңдауға болады?

Теңіз бетінде толқын аз болғандықтан, мұндағы демалыс орындарын таңдауда ең басты критерий – баға. Сонымен қатар қонақүйлер ұсынатын концепция.

Айталық, Чоенгмон жағалауында орналасқан Royal Muang Samui Villas қонақүйі – тай халқының дәстүрі мен қазіргі мәдениеті тоғысқан орын. Мұнда жағажай өте жайлы. Бөлмелері кең әрі қолайлы. Кейбір бөлмелерінде жеке хауызы бар. Тыныштық пен жайлы демалысты ұнататын жандар мен отбасылық демалыс үшін аса қолайлы.

Royal Muang Samui Villas қонақүйінің әуеден көрінісі / Фото: Мади Аубакиров

Ал Самуи аралының Натон аймағында орналасқан Nikki Beach Resort & Spa қонақүйі болса, керісінше, көңілді музыка мен белсенді демалысты ұнататын жастар үшін таптырмас орын. Отель аумағында бірнеше үлкен хауыз бар. Қонақүйдегі кең де әсем виллалар демалушылардың өзін айрықша сезінуіне мүмкіндік береді.

Nikki Beach Resort & Spa қонақүйі / Фото: Риза Тұрдақынқызы

Ламай шығанағындағы Banyan Tree Samui қонақүйі болса аралдағы ТОП5 рейтингіге кіреді. Алып аумақты алып жатқан бұл демалыс орнының аумағында сексеннен аса вилла бар. Жағажайдың ерекшелігі сол – сноркелинг жасап коралл рифтерін жақын маңнан тамашалауға мүмкіндік бар. Отель аумағында бірнеше мейрамхана бар. SPA кешені мен Йога орталық та келушілердің жайлы демалысы үшін тамаша мүмкіндіктерді ұсынады.

Ламай шығанағындағы Banyan Tree Samui қонақүйі / Фото: Мади Аубакиров

Жалпы Самуи аралында 600-ден астам қонақүй бар. Ең бастысы, жаз айларында олардың бағасы туристік маусым күз айларымен салыстырғанда анағұрлым арзан болады. Бөлмелердің бағасы тәулігіне орта есеппен 25 мың теңгеден бастап, 450 мың теңгеге дейін жетеді.

Сондықтан нағыз жайлы демалыс – Самуи аралы сізді күтеді. Толық ақпаратты Selfie Travel туристік операторының ресми сайты мен әлеуметтік желілеріндегі парақшаларынан табуға болады.

Фото: Данат Алиев