Жаңалықтар

Кибер шабуылдар мен вирустан қорғану: Алматы әкімдігі ақпараттық қауіпсіздікке 270 млн теңгеге жуық қаражат жұмсауды жоспарлап отыр

Алматы әкімдігі
Алматы әкімдігі кибер шабуылдар мен вирустық бағдарламалардан қорғануға 268 млн теңге жұмсамақшы / Фото: kursiv.media

Алматы әкімдігі мемлекеттік органдарды ақпараттық-техникалық қамтамасыз ету бойынша қызметтерге 268 млн теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бір сөзбен айтқанда, әкімдік бұл қаражатқа өзінің цифрлық жүйесін түрлі кибер қауіптен сақтандырмақ. Бұл жайлы Цифрлық даму басқармасының Мемлекеттік сатып алу порталында орналастырған құжатында жазылған.

Құжаттың техникалық сипаттамасында әлеуеттік жеңімпаз жүзеге асыруы тиіс қызметтер сипатталған. Басқарма белгілеген талапқа сәйкес ақпараттық қауіпсіздік қызметтерін көрсету шеңберінде әлеуетті өнім беруші бірыңғай талаптарға сәйкес оқиғалар журналының тізбесін анықтау үшін объектіге талдау жүргізуі керек. Сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік оқиғасы туралы деректер тізбесін, бағалау нәтижелерін және ақпараттық қауіпсіздік оқиғасы туралы шешім қабылдау бойынша ұсыныстарды ұсына отырып, объектінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты тұлғаларды хабардар етуге міндеттеледі.

Алматы әкімдігі сонымен бірге кибер шабуылдан сақтанып, ақпараттық қауіпсіздік қамтамасыз ету мақсатында АІ мүмкіндіктерін де пайдаланбақшы.

«Деректерді корреляциялау және объектідегі жоғары тәуекелді қауіптерді анықтау үшін AI пайдалану;  хост қауіпсіздігін талдау; желінің қауіпсіздігін талдау; ақпараттық жүйелерді және инфрақұрылымды (жұмыс станциялары мен серверлер) зиянды әрекеттер үшін объектілердің мінез-құлық және статикалық талдауы, зиянды бағдарламалардың қауіптерін анықтау және блоктау негізінде нөлдік күндік қауіптерден және мақсатты зиянды бағдарлама шабуылдарынан қорғау», – делінген лоттың техникалық сипаттамасында.

Ақпараттық қауіпсіздік жүйелерін енгізу және пайдалану кезінде әлеуетті өнім беруші енгізіліп жатқан жүйені құжаттандыруға және Әкімдік қызметкерлерінің еңбек регламентінің жинағын жасауға міндетті.

Әкімдік құпия ақпараттың таралып кетуіне ден қою маңызды екенін атап көрсеткен. Яғни DLP құпия ақпараттың тарап кетуіне жол бермеу жүйесі негізінде жеткізуші әкімдіктің ақпараттық жүйелерінен тыс құпия ақпараттың тарап кетуін анықтау және алдын алу жүйесін жеткізуді, енгізуді, техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге міндетті. Сондай-ақ әлеуетті жеңімпаз келісімшарт шеңберінде тұрақты негізде әкімдік желілерінің ақпараттық периметрін сыртқы хакерлік шабуылдардан қорғау жүйесін енгізуді және техникалық қызмет көрсетуді және желіге кіруді қорғау процесін жүзеге асыруды қамтамасыз етуі тиіс.

Әлеуетті өнім берушіде Ақпараттық қауіпсіздік операциясы орталығының жарамды лицензиясы болуы шарт.

Бұл лот бойынша өтінім қабылдау 10 шілде күні аяқталады.