Каспий түбімен талшықты оптикалық кабель жүргізу жұмыстары қалай жүзеге асырылады – Мусин түсіндіріп берді

Жарияланды
Каспий түбімен жүргізілетін талшықты оптикалық кабельді жеткізуге 3 айдан астам уақыт кетеді / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Каспий теңізінің түбімен талшықты оптикалық байланыс желісін жүргізуге қажетті жабдықтар Қытайдан жеткізіледі. Бұл жайлы Үкімет сағатында «Қазақтелеком» АҚ төрағасы Бағдат Мусин айтты.

«Қазақтелеком» басшысының айтуынша, бұл жұмыстар өте күрделі. Мәселен, Каспий теңізі жағасына кабельдерді жеткізуге 100 күндей уақыт кетеді екен. Ал авожолдармен жеткізуге 150 күннен астам уақыт керек. Қазіргі таңда кабельді зауыттан жеткізудің бірнеше бағыттары қарастырылып жатыр.

Біріншісі – Қытай-Түркия-Қара теңіз арқылы жеткізу. Бұған шамамен 98 күн қажет. Екінші бағыт Қытай-Еуропа елдері-Волга өзені арқылы өтеді. Оған шамамен 100 күн уақыт керек. Ал үшінші бағыт Қазақстанның автожолдары арқылы өтеді. Оған арнайы тралдар керек. 4 тралға бөлініп салынатын 1100 тонналық кабельдерді межелі орынға жеткізуге 150 күнге жуық уақыт қажет болады.

«Су асты талшықты оптикалық желісінің ұзындығы шамамен 370 км болады. Нақты ұзындығы теңізде жобалау іздестіру жұмыстарының нәтижесі бойынша анықталады. Кем дегенде 32 оптикалық талшық салу жоспарланған. Желінің максималды өткізу қабілеті секундына 400 тирабайтқа дейін. Су асты талшықты оптикалық желінің мақсаты, біріншіден, Қазақстан мен Орталық Азия елдері үшін интернетке қатынаудың жаңа бағытын қалытастыру. Екіншіден, Қытай-Еуропа, Орталық Азия-Еуропа, Қазақстан-Еуропа халықаралық транзитіне арналған маршрут қалыптасады. Жобада кабельдің екі түрін пайдаланамыз. Біріншісі, қосарлы брондалған кабель, екіншісі – бір рет брондалған кабель», – деді Мусин.

Сонымен бірге экс-министр Қазақстан мен Әзірбайжан арасында бірлескен кәсіпорын құрылғанын да айтты. «Қазақтелеком» мен «Әзертелеком» арасында «Caspinet ВВ» деп аталатын кәсіпорын құрылып, «Самұрық қазынаның» директорлар кеңесінде жобаның бизнес жоспары бекітілген. Сонымен бірге тендерлік құжаттама да бекітілген. Алдағы уақытта жобаға ЕРС мердігері таңдалмақ.

«Бұл – күрделі жұмыс. Кабельді жеткізу, су асты зерттеу жұмыстарын жүргізу, кабельді салу үшін мемлекеттік органдармен келіссөз жүргізіліп жатыр. Олардан рұқсат құжаттары қажет болады», – деді «Қазақтелеком» басшысы.

Еске сала келсек, 2023 жылдың маусым айында экс-премьер-министр Әлихан Смайыловтың Әзірбайжанға сапары кезінде «Қазақтелеком» мен «AzerTelecom» Каспий түбінде Транскаспий талшықты-оптикалық кабель желісін салу мен пайдалануға жауапты бірлескен кәсіпорын құру туралы акционерлердің келісіміне қол қойған еді.

«Самұрық-Қазына» қорының ақпаратына сәйкес, Транскаспий каналының негізгі бағыты Ақтаудан Әзірбайжанның Сиазанына дейін өтеді және 340 шақырымнан асады. Сонымен қатар ұзындығы 330 шақырымға жуық резерв желі қазақстандық Құрық портынан Баку маңындағы Бузовна пунктіне дейін салынады.

Транскаспий жобасы Қазақстан үшін стратегиялық тұрғыдан өте маңызды. Өйткені оны іске асыра отырып, ел халықаралық трафикке қосымша шығу жолын және Азия елдерінен Қазақстан аумағы бойынша және суасты кабелі арқылы Әзірбайжанға жаһандық трафиктің транзитін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа арнаға ие болады, әрі қарай Грузия, Қара теңіз, Болгария арқылы Еуропаға шығады. 

Сондай-ақ оқыңыз