Жаңалықтар

Қазақстан ЕО-ның қайталама санкцияларына ұшырамайды – ЕО өкілі

ЕО-ның қайталама санкцияларына
Дэвид О’ Салливан Қазастанның ЕО-ның қайталама санкцияларына ұшырамайтынын айтты /Фото: kursiv.media

Қазақстан ЕО-ның қайталама санкцияларына ұшырамайды. Бұл жайлы Еуропалық Одақтың Санкциялар жөніндегі халықаралық арнайы өкілі Дэвид О’ Салливан айтты.

«Еуропалық Одақ Қазақстанға екінші дәрежелі санкциялар енгізбейді. Біз ондай саясат ұстанбаймыз. Ал АҚШ-қа келер болсақ, олардың өз жүйесі бар», – деді Салливан.

Сонымен бірге халықаралық арнайы өкіл Еуро Одақтың Ресейге қатысты жаңа санкциялар пакетін дайындап жатқанын, тізім кейін жарияланатынын айтты. Сондай-ақ бұл тізімге кіретін компанияларды әзірге атай алмайтынын жеткізді.

Ол Қазақстанға санкцияны айналып өту мәселесімен келгенін жеткізді. Айтуынша, қазір ЕО енгізген кедергілерді айналып өтудің түрлі жолдары мен мен схемасы пайда болған. ЕО өкілі осы мәселені Қазақстан билігімен талқылау үшін арнайы келген.

«Күн өткен сайын санкцияны айналып өту схемасы түрленіп, өзгеріп отырады. Санкциядан қашу үшін жаңа компаниялар құрылып жатады. Сондықтан біз жаңа тізімдер жасаймыз. Санкция бар кезде оны айналып өтудің жолдары да болады. Біздің мақсат – сол жолды қиындату әрі санкциядан қашу әрекеттерінің олар үшін қымбатқа түсуін қамтамасыз ету»,– деді ол.

Салливан көлеңкелі экономика мәселесіне де тоқталды. Айтуынша, көлеңкелі экономикадан кейбір компаниялар жақсы табыс көруі мүмкін. Алайда бұл мемлекеттің иммиджі мен беделіне нұқсан келтіреді. Мемлекет шетелден инвестор тартатын кезде мұндай жағдай елдің инвестициялық әлеуетіне кедергі келтіруі мүмкін екенін айтады.

Журналистер елде АЭС салу мәселесі талқыланып жатқанын, оны салатын әлеуеттік компаниялар қатарында Ресейдің «Росатомы» бар екенін айтты. Олар Қазақстан «Росатоммен» әріптестік орнататын болса, қайталама санкцияға ұшырау мүмкіндігі қаншалықты жоғары екенін сұрады.

«Қазіргі уақытта «Росатом» санкцияға ілінбеген. Бұған қатысты шешімді тек Қазақстан үкіметі мен халқы қабылдайды», – деді ол.

Еске сала кетсек, Дэвид О’Салливан Қазақстанға осымен үшінші рет келіп отыр. Ол 2023 жылдың күзінде келген болатын. Ол кезде санкцияны айналып өту мәселесі талқыланған.

Айта кетейік, Қазақстанға алғаш келгенде О’Салливан «Астана Мәскеуге қатысты шектеулерді сақтамады» деген сыңайда пікір білдірді. Ол Еуростат аймақтағы жоғары технологиялық сегментте қымбат тауарларды тұтынудың рекордтық өсімін тіркегенін алға тартты.