Рұқсат етілмеген жерлерде суға кету жағдайы жиі тіркеледі – Төтенше жағдайлар министрі маусым басталғалы қанша адам қайтыс болғанын айтты

Жарияланды
суға кеткен
Жыл басынан бері 45 адам суға кеткен / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Осы жылдың 1 маусымынан бері 27 адам суға кеткен. Бұл жайлы Үкімет сағатында Төтенше жаңдайлар министрі Шыңғыс Әрінов айтты.

«Жыл сайын жүздеген адам суға батып қаза табады. Олардың басым бөлігі жаз мезгілінде болады. Осы жылдың басынан бері 45 адам, ал 1 маусымнан бері 27 адам суға батып кетті»,- деді министр.

Десе де, министр бұл көрсеткіштер осыдан 3-4 жыл бұрын тіпті нашар болғанын, соңғы жылдары қабылданған халықты қорғау бойынша жүргізілген шаралардың нәтиже бере бастағанын айтады. Мәселен, 2020 жылдан бері судағы адам өлімінің саны 437-ден 227-ге дейін азайған.

Атап айтқанда министрлік су айдындарында 42 құтқару бекетін құрған. Бұл халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектескен. Алдағы жылы Шалқар, Имантау көлдерінің бойында және Қосшы қаласында 3 модульдік станцияның құрылыстары аяқталады. сонда елдегі су қоймаларында 15 станция жұмыс істей бастайды. Бірақ министр қауіпсіздікті қамтамасыз етуде мұның өзі аздық ететінін айтады.

«Министрлік жазғы кезеңде қайықтармен және құтқару құралдарымен жабдықталған қосымша мобильді постар қояды. Олар су айдындарына кезекшілік пен патрульдеу жүргізу жұмыстарын жүзеге асырады», – дейді Әрінов.

Осындай қосымша шаралар нәтижесінде министрліктің құтқарушылары жыл басынан бері 76 адамды, суға шомылу маусымы басталғалы – 24 адамды құтқарған.

Министрдің айтуынша, негізінен адам өлімі көбінде рұқсат етілмеген орындарда жиі тіркеледі. Осыны ескере келе жауапты орган әкімдіктермен бірлесіп суға шомылу мен демалуға рұқсат етілген орындарды көбейтуге көшкен.

«Олардың саны бүгін 708-ге жетті және барлығы «2GIS» платформасында орналасқан. Маусым айының аяғына дейін тағы 33 жағажай қосымша ашылады. Дегенмен олардың саны әлі де жеткіліксіз, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады», – деді министр.

Сонымен бірге министр өлімге әкелетін тағы бірнеше жайттарды атап өтті. Біріншісі – масаң күйде суға түсу болса, екіншісі – гидроциклдерді пайдалануда қауіпсіздік ережелерін сақтамау.

Әрінов құтқару бөлімшелерін жабдықтауға қатысты проблемалар бар екенін, қолда бар қайықтардың көбі жарамсыз күйде қалып отырғанын айтты.

«Қазіргі уақытта, заманауи катерлер, жүзу құралдарын және дрондарды жоспарлы түрде сатып алып жатырмыз. Сонымен қатар Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында Ұлттық теңіз жасағын құру жұмыстары жүргізілуде», – деді ведомство басшысы.

Үкімет басшысы суға батқан 300 адамның 100-і балалар екенін айтты

Жағдаймен танысқан Олжас Бектенов статистикалық көрсеткіштердің көңіл көншітпейтінін, жыл сайын суға батып қаза табатын адамдар саны азаймай тұрғанын айтты. Суға кеткен 300 адамның 100-і балалар екенін жеткізді.

«Жыл өткен сайын республиканың су айдындарында суға кеткен адамдар саны азаймай тұр. Бұл шамамен 200-300 адам. Олардың ішінде 100-і – балалар.Өкінішке орай, биылда бұл көрсеткіш төмендемей тұр. Жаз мезгілі енді басталды. Су айдындарында қайтыс болған адамдар, әсіресе, балалар саны өсуде. Мәселен, суға шомылу маусымы басталғаннан бері  кәмелетке толмаған 20 бала қаза болып отыр. Өткен аптаның өзінде елордада өзенді жүзіп өтемін деп жасөспірім қаза тапты. Қызылордада Балаларды қорғау күнінде бірден екі бала суға кеткен. Түркістан облысында суару каналында екі бала көз жұмды. Каспий теңізінде қараусыз қалған екі жасар бала суға батып кетті. Мұндай фактілер күн сайын тіркелуде. Тіпті Төтенше жағдайлар министрлігінің бүгінгі ақпарында да суға батып кеткендер бар», – деді премьер-министр.

Бектенов «Қазгидромет» болжамына сәйкес елдің батысында, шығысында және оңтүстігінде жаздың ыстық болатынын, осыған орай елдің өзендері мен көлдерінде демалушылар саны артатынын айтты. ТЖМ бұл жағдайға дайын болуы керек екенін ескертті.

Осыған орай өңірлердің әкімдіктеріне осы бағыттағы профилактикалық жұмыстарды күшейтуді және жүргізілетін патрульдеу санын көбейтуді тапсырды.

Сондай-ақ министр балалардың субұрқақтарда шомылу жағдайлары жиі кездесетінін, мұндай орындарда суға түсуге болмайтынын ескертті. Айтуынша, өткен жылы Павлодар облысында субұрқақта шомылып жүрген баланы электр тогы соққан.

«Әрине, субұрқақта шомылуға тыйым салынған. Бұл туралы санитариялық дәрігерлер үнемі ескертіп келеді. Бұған қарамастан, балалар субұрқаққа шомылуға барады. Мұны Астанада, Алматыда, басқа қалаларда да байқауға болады. Барлық әкімдік субұрқақтардың қауіпсіз жұмыс істеуін тексеріп, сондай-ақ бақылауды күшейтіп, балалардың шомылуына жол бермеуі тиіс», – деді Бектенов.

Сондай-ақ оқыңыз