Тарифтер құнын ұлғайтуды әдетке айналдырған – Бектенов байланыс операторларының жұмысын сынға алды

Жарияланды
Байланыс операторлары тарифтерді көтергенімен, байланыс сапасы жақсармаған / Фото: kursiv.media

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет сағатында тарифтерді көтеруді әдетке айналдырған байланыс операторларының жұмысын сынға алды. Үкімет басшысы операторлар арасында бәсекелестік байқалмайтынын, керісінше, барлығының бағасы бірдей екенін айтты.

«Операторлардың әдетке айналдырған тарифтер құнын ұлғайту мәселесі жеке назарды талап етеді», – деді ол.

Премьер-министрдің айтуынша, бәсекелестікті дамыту мақсатында байланыс қызметтерінің тарифтерінен мемлекеттік реттеу алып тасталғанымен, баға реттелмей отыр. Сондай-ақ Салық кодексінің шеңберінде операторлар үшін радиожиілікті спектрге 90% мөлшерінде жеңілдік көзделген. Бұл берілген жеңілдікке сай, компаниялар лицензиялық міндеттемелерге сәйкес үнемделген қаражатты байланыс инфрақұрылымын дамытуға инвестициялауы керек болған. Алайда бұл міндеттемелер де лайықты деңгейде орындалып отырған жоқ. Елдегі байланыс инфрақұрылымы нашар.

«Бәсекелестік қана бас реттеуші болуға тиіс. Алайда әзірге бұл байқалмай отыр – операторлардың барлығында бағалар шамамен бірдей. Сондықтан министрлік монополияға қарсы органмен бірлесіп операторлардың өз міндеттемелерін толыққанды орындауын және бағалық сөзбайласу мен тарифтердің негізсіз артуына жол бермеуді қамтамасыз етуі қажет», – деді Үкімет басшысы.

Бектенов байланыс инфрақұрылымының лайықты деңгейде дамымауынан жұртшылықтан бұл мәселеге қатысты көп шағым түсіп жататынын да айтты. Айтуынша, тек өткен жылдың өзінде байланыс сапасына шамамен 21 мың шағым келіп түскен. Ал осы жылдың 5 айында шағымдар саны 11 мыңға жуықтаған.

«Мәселе тек шалғай елдімекендерде интернеттің нашар болуында ғана емес. Қалаларда да мобильді байланыс пен интернет сигналының көңілден шықпауы байқалады. Сондай-ақ шекара өткізу пунктерінде де байланыс пен интернет сапасы тұрақсыз. Бұл көліктер мен адамдар ағынының шекарадан өтуіне кедергі келтіреді. Осы мәселе жедел шешілуі керек. Жалпы Министрлік операторлармен және әкімдіктермен бірлесіп қолданыстағы инфрақұрылымды жаңарту қажет»,– деді Бектенов.

Айта кетейік, Қазақстанның ұялы байланыс операторлары 2023 жылы тарифтерді 57-59%-ға дейін өсіргені жайлы депутат Елнұр Бейсенбаев айтқан болатын. Депутаттың айтуынша, Актив, Кселл операторлары тарифке 1 мың теңге, ал арнайы әлеуметтік желілердегі интернетті лимитсіз қолдану үшін тағы 990 теңге үстінен қосқан. Солайша 3390 теңгелік тариф 5380 теңгеге дейін өсіп, 59 пайызға қымбаттай түскен. Бейсенбаев байланыстың бағасы қымбат болғанына қарамастан, сапасының сын көтермейтінін, тіпті санкцияларға ұшыраған Ресейде интернет әлдеқайда жақсы істейтінін жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз