«Мұндай контент қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін» – Мәдениет министрі киіз үй ішінде билегендерді сынады

Жарияланды (жаңартылды )

Киіз үйде бейәдеп би түсірілімін ұсынғандардың іс-әрекетін Мәдениет министрі Аида Балаев құптамайтынын айтты, мұндай қылық алауыздық тудырады деп айыптады.

«Өздеріңізге мәлім, Ата заңымызда барлық азаматтың құқығы тең, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге кепілдік берілген.

БАҚ пен әлеуметтік желілердің маңызы арта түскен қазіргі кезде қандай контент жасалып, бөлісіліп жатқанына ерекше мұқият болуымыз керек. Адамдардың көңіліне қаяу салып, мәдени және ұлттық болмысымызға сызат түсіретін жазбалар мен бейнероликтерге жол берілмейді.

Осы орайда, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі ретінде киіз үйде би билеп, бейәдеп әрекетімен қоғам назарын аудартқан бейнеролик туралы айтқым келеді. Мұндай контент қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін. Арандатушылыққа да ұрындыруы ықтимал. Әрине, өскелең ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. Видеоның мазмұны қазақ халқының құндылықтары мен салт-дәстүрлеріне қайшы келеді», – деді министр.

Мәдениет және ақпарат министрі қоғам бірлігіне сызат түсіретін әрекеттерден аулақ болуға, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге шақырды.

«Тағы бір мәселе өте маңызды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар дәстүрлі құндылықтарымызды сақтау мен насихаттауда ерекше жауапкершілікті талап етеді. Ұлттық құндылықтардан бас тарту мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге және әдет-ғұрыптарымызға қашан да қауіп төндіреді.

Ал бірлігіміз бен тұрақтылығымыздың мызғымас негізін сақтау – ортақ парызымыз.

Мен медиа-процессте жүрген барша адамдарды контент жасауда мұқият болуға шақырамын. Кез келген шығармашылық жұмыста ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды құрметтеуге басымдық таныту керек.

Жұдырықтай жұмылып, бірлесе жұмыс істеп қана халқымыздың  басын біріктіріп, бөлшектеуге болмайтын бай мәдени мұрамызды сақтап қала аламыз», – деді Аида Балаева.

Сондай-ақ оқыңыз