Қырғызстан Қазақстанға 560 миллион текше метр су жібермек. Қос тарап Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының 33-отырысында осындай келісім жасады.
Су ресурстары министрлігінің мәліметі бойынша суару маусымында елімізге Шу өзені арқылы 180 млн текше метр және Талас өзенімен 380 млн текше метр су келеді.
Кездесу барысында тараптар Шу және Талас өзендеріндегі су шаруашылығы нысандарын жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары бойынша келіссөз жүргізді.
Осыған дейін Қазақстан мен Өзбекстанның су ведомстволары елімізге «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы 922 млн текше метр су беру жөнінде мәміле жасаған.
«Бүгінгі таңда Қырғызстанның су ресурстары министрлігінің басшылығымен маусымның үшінші онкүндігінен бастап Шу және Талас өзендері арқылы су беруді ұлғайту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қазіргі уақытта қырғыз әріптестерімізбен бірлесіп су беру кестесін ұлғайту бағытында түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Былтыр тамыз айында Қырғызстан Киров қоймасынан Қазақстанға егістік суаруға арналған суды беруді тоқтатты. Соның салдарынан Талас, Байзақ, Жамбыл облысының кей жерлерінде су тапшылығы байқалды. Қырғыз тарапы судың аздығынан өздері қиын жағдайға тап болғандарын мәлімдеді.
Кейін Қазақстан мен Қырғызстан Жамбыл облысының суармалы жеріне су беру туралы келісімге келді. Қазақстанда 280 мың гектар аумақта ылғал үнемдеу технологиясы қолданылады. Оның 60 мың гектары Жамбыл облысында орналасқан.
Министр брифингте Қырғызстаннан бастау алатын Қазақстандағы трансшекаралық өзендер жөнінде айтқан.
«Шу мен Талас өзендері нақты бөлінген. Талас 50/50 болып бөлінген. Бұл 12 айда қанша су өтсе, 50%-ы Қазақстанға тиесілі деген сөз. Шу өзенінің 42%-ы – Қазақстанға, 58%-ы – Қырғызстанға қарайды. Бұл 1983 жылғы су бөлінісі. Барлығы жыл сайынғы судың болуына байланысты емес. Соңғы 3 жылда біз осы 2 өзенде су деңгейінің төмендігін байқадық», – деді Н. Нұржігітов.