Жемқорлыққа қарсы еріктілер 7 млрд теңгеден астам қаражаттың үнемделуіне үлес қосты

Жарияланды (жаңартылды )
kursiv.media

Былтырғы жылдың тамыз айында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы іске қосылды. 2,7 мыңнан астам белсенді осы жобаға тартылды. Еріктілер 7 млрд теңгеден астам сомаға тауарлар мен қызметтер үшін бағаны көтеруге жол бермеді.

«Антикор» дерегі бойынша жоба зерттеушілері Орал қаласының әкімдігінің 45 млн теңге сомасына бейнеконференцбайланыс жабдығын сатып алуын тоқтатты. Осыған ұқсас жабдықтың нарықтағы құны шамамен 4 млн теңге болатыны анықталды.

Шымкент қаласының білім басқармасы мен бірнеше мектептің жетім балаларға арналған жазғы демалысты ұйымдастыру бойынша сатып алуды қайталағаны жөнінде факт тіркелді. Уақытылы ден қою нәтижесінде 78 млн теңге бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған жоқ.

Түркістан қаласында жылу энергиясын есептеу кезінде тарифтер негізсіз көтерілген. Көп қабатты тұрғын үйлерде есептеу құралдары орнатылғанына қарамастан, есептеу шаршы метрмен жүргізілген, бұл жылыту құнының өсуіне әкелді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 32 көпқабатты тұрғын үйдің 2 мыңнан астам тұрғыны үшін шамамен 13 млн теңгеге қайта есептеу жүргізілді.

Елордада еріктілер «Жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бойынша берілген 30 пәтердің жағдайын тексерді. Тексеру нәтижелері бойынша мердігерлер радиаторлар мен электр розеткаларының болмауы, сондай-ақ аяқталмаған құрылыс-монтаж жұмыстары және басқа да ақаулар сияқты көптеген кемшілікті жойды.

Былтыр Антикор өкілі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасының мән-маңызы жөнінде баяндаған. Әлеуметтік құрылыс нысандарына, жер қайтару мәселесіне, мемлекеттік сатып алу бағытына еріктілер тарапынан қоғамдық бақылау жүргізілетіні айтылған. Ол үшін волонтерлер мемлекеттік басқару академиясы базасында аталған бағыттар бойынша оқу семинарларынан өтетіні белгілі болды.

Сондай-ақ оқыңыз