Жаңалықтар

Әдеттер трекері не үшін керек?

Әдеттер трекері деген не?/ shutterstock.com

Түнде жатарда «осыдан ертеңнен бастап ерте тұрамын, жаттығу жасаймын, газды сусынды қоямын, салат жеуді әдетке айналдырып, балдыркөктен коктейль жасап ішемін» деген ой біразыңызға келген шығар? Қанша жерден пайдалы әдеттер қалыптастыруға бекінгеніңізбен, нәтиже шықпай жүр ме? Демек, сізде жүйе реттелмеген деген сөз. Ол үшін әдет трекерін қолданған жөн. Мұның қандай пайдасы бар? Kursiv Media тілшісі тегін трекерлерге шолу дайындады.

Әдеттер трекері деген не?

Әдеттер трекері дегеніміз — жақсы әдет қалыптастырып, жаман әдеттен арылуға көмектесетін құрал. Оны күнделікті жүргізіп отырсаңыз автомат түрде істеле беретін, күш жұмсамайтын, еске салуды қажет етпейтін іске айналады. Оның негізінде әдет қалыптастыратын психологиялық модель жатыр. Белгілі бір істі жасауға талпындыратын триггер — сол істің өзі — табан астында соның жемісін көру деген үлгіден тұрады. Адам әлдебір істі атқарған соң жемісін көргенде мотивация мен рахат сезіміне жауап беретін гормон — дофамин бөлінеді. Бір рет сол істің рахатын көрген соң ми келесіде тағы істегісі келп тұрады. Әдетте жаман әдеттер тез кірігіп кететіні де содан. 

Мәселен күйзеліп жүрген адам мәселесін тәтті жеп шешуге тырысады. Өйткені тәтті бірден жақсы әсер етеді. Артық салмақ сынды мәселелерді ойлауға мұрша бермейді. Жаман әдет тез жұғатыны осыдан. Ал енді жақсы әдетті қалыптастыру әсте мұндай оңай емес. Әлгі тәтті тоқашты көп жеген адам салмақ қосса, оны қалыпқа келтіру үшін көп еңбек ету керек болады. Бір-екі күн тәтті жемегеннен дене бітімі қалыпқа келе қоймайды. Яғни сымбатын түзеу үшін ол адамға бірнеше апта, бәлкім бірнеше ай қажет болады. Сол бірнеше ай бойы айтқанынан қайтпай, мақсатына жету үшін оған осы әдет трекері көмектеседі. Алға қойған бір мақсатқа жету жолында белгілі бір қадамдар істеу керек. Сол істі әр атқарған сайын сізді қуаныш пайда болады. «Орындадым» деп белгілеген кезде тағы да қайталағыңыз келіп тұрады. Осылайша қайта-қайта істеген соң процесс бірте-бірте автомат түрде жасайтын деңгейге жетеді.  

Әдет трекерінің көмегімен өмірдің кез келген саласына қатысты жақсы әдет қалыптастыруға болады. Мерзімі мейлі ұзақ болсын, мейлі қысқа болсын. Трекер арқылы күн тәртібін дұрыс ойластыра аласыз. Тіпті күйбең тіршілікті тезірек атқарып, демалысқа, жақындармен тілдесуге де уақыт табасыз. Жұмыс процестерін жоспарлағанда шаруаларыңызды өнімді атқарып, уақыты істеп отырасыз. Кешкі алтыдан кейін жұмыста қалмай-ақ, жұмыс күнін тиімді өткізуді үйренесіз. Тіпті осы трекер арқылы көңіл-күйіңізді, денсаулығыңызды да бақылап отыруға болады. 

Трекерді қалай қолданамыз?

Трекерді әркім қалауына қарай пайдалана алады. Егер сізге қағаз трекер ұнаса, қаламмен белгілеп жүргіңіз келсе, онда дайын үлгіні шығарып алып, не сатып алып іліп қойсаңыз болады. Ал енді телефоннан үнемі қарап отырғыңыз келсе, онда электрон кесте түріндегісін не мобайл қолданбаларды қолдансаңыз болады. Өзіңізге қайсысы қолайлы — соны таңдаңыз. Қағаз болсын, электрон форматта болсын айырмасы жоқ. Мақсатыңызға қарай бір әрекетке арналған монотрекер немесе бірнеше әрекеттен тұратын түрін қолдана аласыз. Үлгіге не қолданбаға тапсырманы енгізесіз. Оның қаншалықты жиі қайталанатынын көрсетесіз. Уақыты мен мерзімін бекітіңіз. Ауқымды не күрделі тапсырмаларды жоспарлаған кезде оларды бірнеше шағын әрі қарапайым шаруаларға бөлген дұрыс. Абзалы бір әдеттен не бір әрекеттен бастау. Өйткені ә дегеннен ауыр болып кетпеуі шарт. Біртіндеп ұлғайтып отырсаңыз, өзіңізге жақсы.

Бір әрекетті орындадыңыз ба — дереу трекерге белгілеп қойыңыз. Осылайша прогреске анализ жасаңыз. Мобайл қолданбалардың бір жақсысы — статистика, диаграмма, графиктер дайын тұрады. Электрон кестені де формулалар жасап, график құрып беретіндей қылып баптауға болады. Ал қағаз түрінде барлығын өзіңіз істеуіңіз керек. Бастысы, әдет трекерін сиқырлы таяқша көрмей, жай ғана көмекші екенін түсініңіз. Басты жұмысты атқаратын — өзіңіз.  

Тегін трекер-қолданбаларға шолу

Habitica

Habitica бағдарламалаушылары жаңа әдетті оңай қалыптастыру үшін ретро-рөлдік ойындардың элементін пайдаланған. Қолданбаға күнделікті, апта не ай сайын, тіпті бір реттік тапсырма енгізіп қоюға болады. Мақсатыңызға жету жолында өзіңіз жасаған аватар көмектеседі. Ол құбыжықтармен, яки тапсырмалармен күреседі. Жасаймын дегеніңізді жасаған кезде қолданбаға кіріп, белгілейсіз. Сонда сізге сыйлық беріледі. Бонустарды не нәрсеге ауыстыратыныңызды өзіңіз шешесіз. Аватарды дамытқан сайын жаңа деңгейге шығып отырасыз. Мақсатыңызға қалай жетіп келе жатқаныңызды прогрес арқылы бақылауға болады. Қолданбада белгілемесеңіз, онда ұпайыңыздан айырыласыз. Бұл бағдарламаның әлеуметтік жағы да бар. Ол топтасып жүруге, құбыжықтармен бірге күресуге көмектеседі. Сыйлықтарыңызды бөліссеңіз болады. Қолданбаны iOS және Android базасында істейтін құрылғыларға жүктеп ала аласыз. Тегін орнатасыз. Ойынның ішінде зат сатып алуға болады. Қаласаңыз, жазылым сатып алуға мүмкіндік бар. Бірақ алмасаңыз да болады.                

Loop

Loop — интерфейсі қарапайым, минимализммен жасалған қолданба.тек Android-қа арналған. Күнделікті әдеттермен қоса, жиілігі бар тапсырмалар да жасауға болады. Кез келген уақытта ескертпе келетіндей қылып қоя аласыз. Ескертпе келген кезде тапсырманы жасаған-жасамағаныңызды белгілеуге болады. Көбірек қайталанған сайын әдет күшейе түседі. Ал істемей қойсаңыз — әлсірейді. Егер бірнеше күн істелмей қалса, прогресс толықтай жойылып кетпейді. Диаграммада барлығы егжей-тегжейлі көрініп тұрады. Белгілі бір уақыт аралығында әдет қалай қалыптасқанын қарап отыруға болады. Көрсеткіштердің қалай өзгергенін көрсететін толық статистика бар. Қанша тапсырма қоссаңыз, ерік өзіңізде. Бастысы, орындай алсаңыз болғаны. Әдеттерді бағыттар бойынша бөліп, түрлі түспен ерекшелей аласыз. Сервис толықтай тегін, жарнама жоқ.   

HabitShare

HabitShare — әлеуметтік желі элементтері бар әдеттер трекері. Ол жерге достарыңызды қосып, әдеттеріңізді бөліссеңіз болады. Қолдау үшін GIF-суреттер жіберіп, таныстарыңызды істе құлшындыра аласыз. Әдетіңізді кімнің көре алатынын өзіңіз баптасаңыз болады. Қаласаңыз, жан баласы көрмейтін қылып қоя аласыз. Өзіңізге ыңғайлы темппен қозғалатындай кесте құру мүмкіндігі бар. Жаңа әдеттерді ескертпелер еске түсіріп тұрады. Бірақ мұнда айлық жоспар жасай алмайсыз. iOS және Android операциялық жүйелерінде жұмыс істейтін құрылғыларға арналған. Толықтай тегін қолданба.  

Habit Rabbit

Habit Rabbit –– ойын форматындағы әдеттер трекері. Сүп-сүйкімді қоян сізге көмекші болып, мақсатыңызға жету жолында құлшынысыңызды арттырып отырады. Сіз бір аптаға арналған әдеттерді бекітіп қоясыз. Сөйтіп басымдығына қарай бөліп, хабарламаларды реттейсіз. Әр тапсырма орындалған сайын сізге сәбіз беріледі. Оны кейін қояныңызды үй-жайын сәндеуге не оған сыйлық алуға жұмсай аласыз. Неғұрлым тұрақты әрі күнделікті атқарып тұрсаңыз, қояныңыздың жағдайы соғұрлым жақсы болады. Қоян да қарап қалмайды: жағдайыңызды, көңіл-күйіңізді біліп тұрады. Өнімді жұмыс істеу үшін не істеу керегіне қатысты кеңес береді. Тапсырма орындалған соң қанаттандырып, мақтайды. Статистиканы қарап, жетістіктеріңізді көріп отырсаңыз болады. Бір айдағы көңіл-күйіңіз жайлы Mood Tracker-ден көре аласыз. Тапсырмаға кіріспес бұрын тыныс жаттығуларын жасап отырсаңыз өзіңізге жақсы. Әлемдегі басқа қояндардың кестесін қарап, өзгелерден мотивация алуға болады. Қолданба тегін. Кез келген ойындағыдай қалауыңызға қарай қолданба ішінде сатып алуға болатын заттар бар. iOS пен Android құрылғыларына арналған.   

Habit – Daily Tracker

Habit — iOS-қа арналған қолданба. Мұнда қалауыңызға қарай кез келген әдетті қоса аласыз. Ескертпе, хабарлама, қайталауды өзіңіз реттеп қойсаңыз болады. Тіпті қанаттандыратын сөздерді де жазып қоюға мүмкіндік бар. Тапсырма орындалды деп белгілеген соң трекер сізге пайыз қосады. Апталық статистиканы қарап отырып, әдеттің қаншалықты қалыптасып келе жатқанын бақылай аласыз. Прогресс жайлы деректер күнтізбеде және графиктерде көрінеді. Егер бірнеше күн қатарынан орындамай қойсаңыз, онда оны басынан бастауыңыз қажет болады. Мобайл қолданбада жарнама жоқ, мазаны алып хабарлама да келе бермейді. Премиум-функциялар қосқыңыз келсе, сатып ала аласыз. Бірақ жалпы алғанда тегін қолдана беруге болады.