Жаңалықтар

Қазақстан мен Еуроодақ ЕАДБ-ты бұғаттан босатуға келісті

ЕО Қазақстанды санкцияны айналып өтуге жол беретін елге айналмауға шақырды / Фото: архив kursiv.media

Еуропалық Одақтың Санкциялар жөніндегі халықаралық арнайы өкілі Дэвид О ‘ Салливан Ресейге қарсы санкцияларға қатысты Қазақстанмен қандай мәселелер талқыланып жатқанын айтты.

 О’Салливан Қазақстанның премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғаринмен кездесуінде Қазақстан тарапы тап болып отырған бірнеше мәселе талқыланғанын айтты. Солардың бірі КТК құбырының функционалдығына қатысты мәселелер пысықталған. Өйткені Қазақстан ЕО-дағы ең ірі мұнай жеткізуші елдің бірі.

Сондай-ақ ол бірлескен келіссөздердің арқасында ЕАДБ активтерін бұғаттан босатуға қол жеткізілгенін хабарлады.

«Сонымен қатар тағы бір маңызды мәселе Еуразиялық даму банкінің тыйым салынған активтері болды. Бұл мәселемен айналыстық. Осы жұмыстың және бельгиялық әріптестеріміздің көмегінің арқасында біз бұл активтерді бұғаттан шығаруға мүмкіндік алдық. Енді олар Қазақстанда іске асырылатын жобаларға бағытталатын болады», — деді ол.

Сондай-ақ Дэвид О’ Салливан еуропалық тараптың Қазақстаннан Ресей Федерациясына санкцияланған тауарлардың реэкспортына қатысты алаңдаушылық бар екенін айтты.

«Біздің алаңдаушылығымыздың бір себебі – реэкспорт орын алуы мүмкін. Үлкен экспорттың жүріп жатқанын көріп отырмыз. Біз әу баста Қазақстанның санкцияларға қосылмау туралы шешімін құрметтейтінімізді мәлімдеген болатынбыз. Біздің бар сұрайтынымыз – G7 елдерінің санкцияларын айналып өтуге мүмкіндік беретін ел болуға жол бермеу. Мұндай жағдай болмайтынына және әскери мақсаттағы бұйымдар Ресейге қайта бағытталмайтынына кепілдік берілгеніне қуаныштымыз», – деді Дэвид О’ Салливан брифинг барысында.

Дипломат Еуроодақ Қазақстан мен Ресей арасындағы жалпы тауар айналымының тек 1% -ын құрайтын әскери мақсаттағы 50 санкциялық тауарлар тізімі белгілегенін айтады.

«Бұл кішігірім өнімдердің  спектрі, бірақ олар Ресейдің қару-жарағына айтарлықтай  әсер етеді және соғыста деструктивті сипатқа ие. Біз 2023 жылдың сәуірінде белгілі бір прогреске қол жеткіздік және импорт пен реэкспорт көрсеткіштерінің айтарлықтай төмендеуін көріп отырмыз, мұнда оң ілгерілеушіліктің бары байқалады», — деп атап өтті дипломат.

Осыған дейін премьер-министр орынбасары Серік Жұманғарин Қазақстан АҚШ пен Еуроодақтың Ресейге және басқа елдерге қатысты санкциялық саясатын қолдамайды, бірақ оны орындауға мәжбүр екенін мәлімдеген болатын.

Еске салсақ, G7 елдері мен ЕО ресейлік аударым жүйесін пайдаланатын елдерге санкция салу мәселесін қарастырып жатқанын хабарлаған едік.

Bloomberg басылымының мәліметінше, 2023 жылы осы жүйені пайдалану 2022 жылмен салыстырғанда шамамен үш есе өскен. Қазір оны Қытай, Беларусь, Армения, Тәжікстан және Қазақстан сияқты 20-ға жуық елдегі 150-ден астам банк пайдаланады. Бұл жүйе Ресейге салынған сакцияларды айналып өтуге ықпал етіп отырған көрінеді.

Ресей батыс санкциясының астында қалған соң, банктері тек өздерінің аударым жүйесін пайдалануға көшкен. 2023 жылдың желтоқсанында РФ Орталық банкі СПФС-ке 16 елден 150 бейрезидент кіретінін мәлімдеді. Ал 2022 жылы 12 елден 100-ден аса бейрезидент пайдаланатын.

Сонымен қатар ЕО Ресейге үшінші елдер арқылы кіретін тауарлар экспортына санкция салуды қарастырған. Санкциялар пакеті санкцияларды қасақана айналып өтетін Ресей мен үшінші елдердің фантом фирмаларына тыйым салуға бағытталады.

Бұған дейін АҚШ Ресей уранынан бас тарқан еді. Президент Джо Байден шикізатты елге импорттауға тыйым салатын заңға қол қойған. Заң 2028 жылдың қаңтарына дейін АҚШ Энергетика министрлігі басқа жеткізу көздері болмаса, Ресей Федерациясынан уран импорттауға рұқсат бере алады. Шектеу 2040 жылға дейін күшінде болады.