Жаңалықтар

Қазақстандағы 6 мыңнан аса ауылдың төрттен бірінде интернет жоқ

2025 жылдың соңында Қазақстанда 5G интернетін енгізу аяқталады / Фото: архив kursiv.media

Қазақстанда 6 290 ауыл бар,  соның ішінде 1424 ауыл әлі мобильді интернетсіз отыр. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев айтты.  

Қазақстанда интернет жылдамдығы қандай деңгейде?

Жаслан Мәдиев интернет сапасы бойынша халықаралық деректерді мысалға келтірді. Айтуынша, Қазақстанда интернетті пайдаланатын халықтың үлесі дамыған елдер деңгейінде. Бүгінгі күні бүкіл әлемде интернетті тұтынудың қарқынды түрде өскені байқалады. Қазақстанда 2020 жылға қарағанда трафиктің өсу 61,5%-ға жетсе, абоненттер саны 12,9%-ға өскен.

«Speedtest Ookla-ның 2024-ші жылғы сәуірдегі деректеріне сәйкес, Қазақстан 43,62 Мбит/с орташа интернет жылдамдығымен 66-орында (Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанға қарағанда жоғары)», – дейді.

Қанша ауылда интернет жоқ?

Министрдің айтуынша, елімізде бүгінде сымды интернет бойынша оптика 2 606 ауылға жеткізілген. Ал 4 866 ауылда мобильді интернет бар.

«Қолданыстағы салықтық жеңілдіктер аясында 2023 жылы 1161 ауыл 4G технологиясына қосылды. Ұялы байланыс операторларын ынталандыру үшін министрлік жаңа Салық кодексіне радиожиілік спектріне салықтық жеңілдіктерді ұзартуды және төлем мөлшерлемесін өзгертуді ұсынды. Осылайша, байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелерінде 1 076 ауылды интернетпен қамтамасыз ету көзделген», деді Жаслан Мадиев Үкімет отырысында.

Ведомство басшысы 2025 жылдың соңында Қазақстанда 5G интернетін енгізу аяқталатынын мәлімдеді.

 «5G технологиясын одан әрі дамытуға қатысты Кселл және Теле2-мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында 5G-ді дамыту бойынша жұмыстарды жалғастыратын болады. Бүгінгі таңда 20 қалада 1 144 базалық станция орнатылған. 2027 жылдың соңына дейін байланыс операторларының салаға салатын инвестицияларының көлемі 450 миллиард теңгеден асатын болады», – деп мәлімдеді министр.

Жаслан Мәдиев мобильді интернеттен бөлек, 3 684 ауылда оптикалық байланыс жоғын атап өтті.  

«Ұлттық жоба шеңберінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 3 010 ауылға дейін оптикалық байланыс желісі жеткізіледі. «Соңғы миль» жоқ жерде шағын және орта байланыс операторларының күрделі шығындарының 50%-ы субсидиялау тетігі пайдаланылатын болады. Осы жобалардың қорытындысы бойынша 2,4 млн адамды Интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз ету күтілуде. Жобалар байланыс операторларынан 340 млрд теңгеден астам көлемде жеке инвестициялар тартуды көздейді», – деді.

Айта кетейік, Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов  тарифтерді көтеруді әдетке айналдырған байланыс операторларының жұмысын сынға алды. Бектенов операторлар арасында бәсекелестік байқалмайтынын, керісінше, барлығының бағасы бірдей екенін айтты.

Премьер-министрдің айтуынша, бәсекелестікті дамыту мақсатында байланыс қызметтерінің тарифтерінен мемлекеттік реттеу алып тасталғанымен, баға реттелмей отыр. Сондай-ақ Салық кодексінің шеңберінде операторлар үшін радиожиілікті спектрге 90% мөлшерінде жеңілдік көзделген. Бұл берілген жеңілдікке сай, компаниялар лицензиялық міндеттемелерге сәйкес үнемделген қаражатты байланыс инфрақұрылымын дамытуға инвестициялауы керек болған. Алайда бұл міндеттемелер де лайықты деңгейде орындалып отырған жоқ. Елдегі байланыс инфрақұрылымы нашар.