«Майқайыңдағы» апат: министр мәйіттерді іздеу жұмысы қашан жалғасатынын нақты айта алмады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Құтқарушыларға қауіп төнгендіктен, құтқару жұмыстары тоқтаған еді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Павлодар облысындағы «Майқайыңалтын» кеніші аумағында шұңқырға құлаған автобустағы адамдарды құтқару жұмыстары қашан жалғасатыны белгісіз. Әзірге тек дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Майқайыңдағы апатқа қатысты осындай мәлімдеме жасады.

Үкімет отырысынан соң БАҚ өкілі «Майқайыңалтын» кенішінің аумағында болған апатқа шамамен жарты жыл өткенін, екі адамның сол күйі табылмағанын еске салды. Министрден оларды іздеу жұмыстары қашан жалғасатыны туралы сұралды.

Шыңғыс Әрінов екі адамды іздестіру қандай жағдайда жалғасатынын түсіндіріп берді.

«Майқайыңалтын» АҚ-да құтқарушыларға қауіп төнгендіктен іздеу жұмыстары тоқтатылды. 13 мамырдан бастап дайындық басталды, оның ішінде тау-кен жұмыстары, құлаған топырақтың солтүстік-шығыс бөлігіндегі орнын кеңейту жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Ол біткеннен кейін құтқарушыларға қолайлы жағдай жасалған соң ғана іздеу жұмыстары қайта басталады», – деді министр.

Алайда ведомство басшысы дайындық жұмыстарының қашан аяқталатынын нақты айта алмады.

«Болжам жасай алмаймын. Жұмыс біткеннен кейін нақты көресіздер. Ол кісілердің мәйіттерін шығарамыз деп жүргенде құтқарушылардан айырылып қалмайық деген мақсатта барлық қауіпсіздік шарасын қабылдап жатырмыз», – деді министр.

Апат жайлы

Еске сала кетсек, «Майқайың» кенішіндегі апат 4 қаңтарда болды. Павлодар облысы Баянауыл ауданында «Майқайыңалтын» АҚ шахтасына құтқарушылар мінген автобус құлап кетті.

Кейін «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» ТЖД құтқарушылары құмнан 2 адамның мәйіті табылғанын жариялады.

5 қаңтарда кеніш аумағында іздестіру-құтқару жұмысы аяқталмағаны, шахтаға құлап кеткен 2 адам әлі табылмағаны мәлімделді.

9 қаңтарда бұрынғы ТЖМ басшысы Сырым Шәріпханов «Майқайыңалтын» шахтасындағы құтқару жұмысы қашан аяқталатыны белгісіз екенін мәлімдеді.

15 қаңтарда «Майқайыңалтын» АҚ бұрынғы жұмысшылары басшыларын айыптап, кеніштегі апатқа объективті тексеру жүргізуді талап етті. Мемлекеттік комиссия мүшелеріне ашық хат жолдады. Олар қайғылы оқиғаға комбинат басшысының салғырттығы себеп болғанын айтты. 

Мәжіліс отырысында депутаттар құзырлы орган басшыларына осы шахта жұмысы туралы сауал жолдап, құлаған жердің астына бұрындары шахта болғанын ешкім ескертпегенін айтты. Тіпті үстінен жол салған және сол жолды қызметкерлер осы күнге дейін пайдаланып келгені де айтылды. Ал техникалық қауіпсіздік шараларына сай, ол жерді қоршауға алып, қауіпті зона ретінде оқшаулануы керек болған.

16 сәуірде Майқайың кенішіндегі апатқа қатысты сот шешімі шықты. Сот «Майқайыңалтын» АҚ-ны тікелей кінәлі деп таныды. «Майқайыңалтын» АҚ жауапты тұлғаларының әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) туындаған жазатайым оқиғаның себептерін негізге ала отырып, талапкердің 100% кінәсі бар деп танылды. Бұл жөнінде Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты хабарлады.

«Майқайың» шахтасындағы оқиға себебін тергеу комиссиясы зерттеді

ҚР Еңбек министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасының 2024 жылғы 4 қаңтардағы бұйрығымен Еңбек кодексі 188-бабының 3-тармағына сәйкес, еңбек қызметіне байланысты өлімге әкеліп соққан жазатайым оқиғаның себептерін тергеу мақсатында комиссия құрылды. 

Тергеу қорытындысы бойынша комиссия топтық жазатайым оқиғаны тергеу актісін жасады.  Акт бойынша жұмыс берушінің толығымен кінәсі бар екені анықталды

Сондай-ақ оқыңыз