Жаңалықтар

Apple қымбат Vision Pro VR-гарнитурасын әзірлеуді тоқтатты

Apple-дің 3,5 мың доллар тұратын VR-гарнитурасы – Vision Pro аса қымбат боп шықты \ Фото: Shutterstock

Apple толықтырылған шындық режимінде істейтін Vision Pro гарнитурасының екінші буынын әзірлеуді тоқтатты деп хабарлайды The Information. Құны 3,5 мың доллар тұратын құрылғыға сұраныс аз, сондықтан компания қазір оның қолжетімді нұсқасын жасауға ден қойған сияқты.

Толығырақ

Apple компаниясы Vision Pro VR-гарнитурасының келесі нұсқасын әзірлеуді тоқтатты деп хабарлады The Information сайты. Бұл жайында сайтқа Vision Pro үшін негізгі компоненттерді өндіретін жеткізушінің бір қызметкері хабарлаған. Енді Apple функциялары шектеулі Vision гарнитурасын әзірлеуге баса назар аударады. Жеткізу және өндіру тізбегіндегі дереккөздердің айтуынша, бұл қолжетімді модель нарыққа 2025 жылдың соңында шығады. Бастапқыда Apple Vision өнім түрлерін iPhone-ның стандартты және Pro нұсқалары сияқты екі модельге бөлуді жоспарлаған.

Сұраныс аз

Apple-дің Vision Pro гарнитурасы ақпанда дүкен сөрелеріне түсіп, біраз пайдаланушы жақсы пікір білдірген еді. Алайда 3 499 доллар тұратын бұл құрылғы тым қымбатқа шыққан көрінеді. Оның қасында бағасы 500 долларлық Meta Quest 3 гарнитурасы сияқты бәсекелестер тұр.

Apple Vision Pro сатылымы туралы мәліметтерді жарияламаса да, оған сұраныстың төмен екені айқын деп жазады Ян Шерр CNET басылымында. Apple өнімдеріне қатысты дәл болжам жасайтын танымал сарапшы Мин-Чи Куоның сөзінше, сәуір айында компания Vision Pro-ның 2024 жылғы сатылымы бастапқы 700–800 мың данадан 400–450 мың құрылғыға дейін, яғни екі есе төмендейді деп топшылайды. Мин-Чи Куо сол кезде Apple-дің 2025 жылы Vision Pro-ның екінші буынын шығару жоспары іске аспауы ықтимал деп болжаған.

«Өзімнің бақылап-көргенімнен түйген ойым — Vision Pro-ны сатып алғандардың көбісі гарнитураны бірнеше рет қолданып көргеннен кейін тастай салады, — деп жазды Мин-Чи Куо сәрсенбі күні X желісінде The Information-дегі мақалаға түсінік бере отырып. — Жалпы алғанда, пайдаланушылар бұған осылай қарайтын болса, онда құрылғының әлдеқайда қарапайым, қолжетімді бағадағы нұсқасын жасаса, мәселе шешіледі деу бекер».

Контекст

Apple компаниясының VR-гарнитурасының қымбат нұсқасын әзірлеуді доғару туралы шешімі — компанияның өз басымдықтарын өзгерткенін растай түсті деп жазады The Information. Apple жасанды интеллектіге негізделген функцияларды дамытуға күш жұмсауда. Бұған қоса, компания 10 жыл бойы әзірлеген пилотсыз автомобиль сынды шығыны көп жобаларды жабуда. Apple компаниясы толықтырылған шындық бағытына үлкен үміт артқан. Компания ақыр соңында iPhone-ның орнына жеңіл көзілдіріктер ұсынуды көздеп отыр. Vision Pro – осы идеяға тұтынушылар мен әзірлеушілердің қызығушылығын арттырудағы алғашқы қадам еді.

Apple-дің соңғы әрекеттері компания акцияларына қажетті серпін берді. Олар биыл Қытайдағы iPhone-ға деген сұраныстың азаюы салдарынан бәсекелестерінен артта қалған. Қазір Apple акциялары жылдың басымен салыстырғанда 11%-ға қымбаттады, ал Nasdaq 100 индексі осы кезеңде 18%-ға өсті.