Мөлшерлемелер жөніндегі болжам, АҚШ-тың мемлекеттік қарызының өсуі, тұтыну нарығына қатысты деректер

Жарияланды
БАҚ шолуы / Shutterstock

Мамыр айында АҚШ-тағы бөлшек сауда өсімі небәрі 0,1% болды. Ал өткен айдың көрсеткіштері қайта қаралып төмендетілді. Бұдан сарапшылардың қыркүйек айында ФРЖ мөлшерлемелерді төмендете бастауы мүмкін дегенге сенімі нығайды. Сонымен қатар АҚШ-тың мемлекеттік қарызы күрт ұлғаяды деген болжам бар – 2034 жылға қарай мемлекеттік қарыз 56 триллион доллардан асуы мүмкін. Осы және басқа да тақырыптар туралы толығырақ 18 маусымдағы әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.

ФРЖ мүшесі Куглер биылғы жылы пайыздық мөлшерлемелер азаяды деп болжады

Америкалық экономист, ФРЖ Басқарушылар кеңесінің мүшесі Адриана Куглер АҚШ экономикасының даму қарқыны қазіргідей баяулап, инфляция бәсеңдей берсе, биыл «пайыздық мөлшерлемені төмендету орынды болмақ» деп мәлімдеді. «Инфляция әлі де тым жоғары, бірақ жалпы үрдіске қарап, бағаның өсу қарқыны одан әрі бәсеңдейді деген үміт бар», – деді Куглер Вашингтондағы Петерсон халықаралық экономика институтында сөйлеген сөзінде. «Мен экономикадағы жағдайдың дұрыс бағытта қалыптасып жатқанын байқаймын», — деді ол.

Куглердің болжамына сай, АҚШ-та бөлшек сауда баяулауы ықтимал. Өйткені сатылым азайғанын көрген компаниялар бағаларды түсіріп, жеңілдік бағдарламаларын көбейту үстінде. Сондай-ақ ол азаматтардың «инфляция болады» деген қаупі сейіліп жатқанын, мұның да жақсы белгі екенін еске салды. Мамыр айындағы бөлшек сауда көрсеткіштері төмен болуы ел экономикасының өсу қарқыны баяулауы мүмкін екенін аңғартады деп жазады MarketWatch.

Мамыр айында АҚШ-та бөлшек сауда көлемі азайды

АҚШ-та мамыр айында бөлшек сауда небәрі 0,1%-дық өсім көрсетті. Ал АҚШ Сауда министрлігі өткен айдың көрсеткіштері қайта қаралып, 0,6%-дан 0,2%-ға төмендетілді деп хабарлады. Бұл екінші тоқсанда экономикалық белсенділіктің әлсіз болғанын көрсетеді деп жазады Reuters.

Бұған қарап, экономистер 2024 жылдың қыркүйегінде пайыздық мөлшерлеме төмендейді деген үміт білдірді. ФРЖ ресми өкілдері өткен аптада мөлшерлемелер желтоқсан айында ғана төмендейді деп мәлімдеген еді.

Уолл-стрит сарапшылары бөлшек сауда көлемі өседі дегенге күмәнданып отыр. «Бәлкім, үй шаруашылықтары пайыздық мөлшерлемелердің өсуіне біз ойлағандай сезімтал емес шығар, – дейді Capital Economics компаниясының Солтүстік Америка бойынша бас экономисі Пол Эшворт. – Біз тұтыну көлемі тұтас азаяды деп үміттенбейміз».

Екінші жағынан, тұтыну қарқынының аздап бәсеңдеуінің өзі ФРЖ-ның қыркүйек айында мөлшерлемелерді төмендету мәселесін қарастыруына түрткі болуы мүмкін деп санайды Эшворт.

АҚШ-тың қарызы алдағы 10 жылда 56 трлн доллардан асуы мүмкін

Конгресстің Бюджет басқармасының болжамына сәйкес, 2034 жылға қарай АҚШ-тың мемлекеттік қарызы 56 трлн доллардан асуы мүмкін. 2024 жылдың сәуір айында Бюро 2033 жылға қарай АҚШ-тың мемлекеттік қарызын 45,7 трлн доллар болмақ деп бағалаған еді. Болжамды қайта қарауға бюджет шығындарының және қарыз бойынша пайыздық төлемдердің өсуі себеп бола алады, олар қазірдің өзінде салық түсімдерінен асып түскен деп жазады NYT.

АҚШ бюджетіндегі тапшылық жоғары болып қала бермек, 2024 жылы 1,9 трлн долларды құрайды. Бұрын бюджет тапшылығы 1,6 трлн доллар болады деп болжанған. 2034 жылға қарай тапшылық 2,9 трлн долларға жетіп, ЖІӨ-нің 122%-ын құрайды (2024 жылы 99% болған).

Пайыздық мөлшерлемелердің жоғары болуы АҚШ-тың өз қарызын реттеуін қиындатып отыр. Бюджет басқармасы 2034 жылға қарай жылдық пайыздық шығындар биылғы 892 млрд доллардан 1,7 трлн долларға дейін өседі деп болжайды. Осы кезде АҚШ пайыздық төлемдерге Medicare бағдарламасына жұмсалатын қаржы көлеміне тең қаражат жұмсамақ.

2025 жылы Дональд Трамптың 2017 жылы енгізген азайтылған салық мөлшерлемелері мерзімі аяқталады. Сондай-ақ мемлекеттік қарыздың шекті деңгейі туралы мәселеге қайта ден қою керек, бұл өзі бұрыннан республикашылдар мен демократтар арасындағы саяси саудаға себеп болатын жайт.

2024 жылдың сәуір айында ХВҚ АҚШ-қа елдің қаржы саясаты «ұзақмерзімді бюджеттік тұрақтылық» қағидасына сәйкес келмейтінін ескерткен. Қаражаттың артық жұмсалуы «инфляцияның қайта өршуіне», қарыз алу құнының артуы әлемдік қаржылық тұрақтылықтың бұзылуына әкеп соқтыруы мүмкін деп ескертті сарапшылар.

АҚШ-та тақтатас мұнайын өндіру көлемі біраз жыл бойы өсіп, содан кейін ғана шекті деңгейіне жетпек

Америкадағы тақтатас мұнайын өндірушілер әлі бірнеше жыл бойы мұнай өндіру көлемін ұлғайта бермек. Демек, ОПЕК+ тобының ұсыныс азайып, баға өседі деген үміті ақталмайды. HSBC Holdings сарапшыларының пікірінше, тақтатас мұнайы өндірісінің барынша шарықтаған кезін тек 2028 жылы көреміз. Кейбіреулер АҚШ-тағы тақтатас мұнайын өндіру жақын арада шарықтайды деп күтеді, содан ОПЕК+ тобы мұнай жеткізуді қысқартуын ақыры тоқтатады деп үміттенеді деген Bloomberg HSBC аналитиктеріне сілтеп. Бірақ алдағы 3-4 жыл ішінде АҚШ-тағы тақтатас мұнайын өндірісі өсе беретін көрінеді. Сондай-ақ инвесторлар АҚШ-тағы «өндіріс өнімділігінің айтарлықтай артуын» байқап, экономикалық өсім кезеңі қазіргі болжамдағы мерзімнен ұзақ болуы мүмкін, олар соны да ескеруі керек деп санайды.

Сондай-ақ оқыңыз