Тоқсандық есеп жақсы болады деген болжамның арқасында Micron акциялары 3,8%-ға қымбаттады
Карталар мен дерек жинақтағыштар өндіретін Micron Technology компаниясының акциялары сейсенбі, 18 маусымда 3,8%-ға қымбаттады. Бұған Wedbush пен Bank of America-ның олардың мақсатты бағасын көтергені себеп болды. Bank of America сондай-ақ Micron-ды инвесторлар үшін ең тартымды акциялар тізіміне қосты. Сарапшылар 2024 қаржы жылының үшінші тоқсаны бойынша есеп жақсы болады деп күтуде, сәйкесінше болжамдары да жақсы. Есеп 26 маусымда жарияланады.
Wedbush пікірі
Сейсенбі, 18 маусымда, Wedbush сарапшылары Micron акциялары нарықтан озып қымбаттайды деп болжайтынын растады (Outperform рейтингі). Олар мақсатты бағаны 130 доллардан 170 долларға дейін көтерді. Сонымен қатар Wedbush компаниясының акциялары асыра бағалануы мүмкін екенін атап өтті деп жазады Investing.com.
«Біздің ойымызша, мұндағы басты мәселе, тарихи тұрғыдан алып қарағанда, Micron акцияларының компания активтерінің құнынан қымбатқа саудаланып жүргені», – деген Wedbush сарапшылары Investing.com сайтына сілтеме жасаған есептерінде.
Wedbush жад чиптерін өндіру циклдік индустрия болып қалатынын атап өтті. Десе де, компания өнімдері жылдың соңына дейін және 2025 жылда да тапшы болмақ. Бұл жайт NAND және DDR5 жад чиптерін өндіруге жаңа инвестициялардың жетіспеушілігімен, ішінара жоғары жылдамдықты жады (HBM) үшін сыйымдылық талаптарының артуымен де байланысты.
«Біз орташа сату бағалары (ASP), табыс, маржа және акцияға шаққандағы пайда (EPS) циклдік түрде өсіп, еркін ақша ағыны келген сайын тепе-теңдік жақсарады деп санаймыз, – делінген Wedbush есебінде. – Micron қаржылық көрсеткіштеріне қатысты жақын арада тек оң жаңалықтар болады әрі индустрияға құйылатын инвестицияларға қатысты жоспарлар өзгермейінше, акциялар қымбаттай бермек деп отырмыз».
Bank of America пікірі
Сейсенбі, 18 маусымда, Bank of America сарапшылары Micron-ды инвесторлар үшін ең тартымды акциялардың US1 тізіміне қосты. BofA пікірінше, Micron – «АҚШ-тағы жад чиптерін өндіретін жетекші компания». Осы инвестициялық банк Micron акцияларының мақсатты бағасын 144 доллардан 177 долларға дейін көтерді деп жазады Yahoo Finance.
Bank of America: «Жеке пайдаланушы құрылғыларындағы (Edge AI) жасанды интеллект (ЖИ) функцияларының дамып келе жатқан нарығы баяу болса да, тұрақты түрде қашықтағы деректер орталықтарының негізгі жабдығын толықтырмақ, – деп санайды әрі осы ретте: «Edge AI құрылғыларының танымалдығының артуының ең басты бенефициарлары – микропроцессорлар мен жад чиптерін өндірушілер болады», – деп болжайды.
Бұрынғы есеп қандай болған еді?
Micron-ның өткен тоқсандағы көрсеткіші мен болжамы сарапшылардың болжамынан асып түсті.
— 2024 қаржы жылының екінші тоқсанында акцияға шаққандағы түзетілген пайда 42 цент болды. LSEG сарапшылары 25 цент шығын болады деп болжаған еді.
— Екінші тоқсандағы кіріс 5,82 миллиард долларға жетті, бұл 2023 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 58%-ға көп. Сарапшылар компания 5,35 миллиард доллар табыс табады деп күткен.
— Екінші тоқсандағы таза пайда 793 миллион долларды құрады. Бір жыл бұрын таза шығын 2,3 миллиард доллар болған.
— Үшінші тоқсанда Micron 6,6 миллиард доллар көлемінде кіріс күтеді, ал сарапшылар 6,02 миллиард доллар деп болжаған.
Акция жайы
18 маусымда Нью-Йорк биржасындағы саудада Micron акциялары бір сәтте 5%-дан астамға қымбаттап, күн соңындағы өсім 3,8% болды. Постмаркетте акциялар тағы 0,8%-ға өсіп, 154,7 долларға жетті. Жыл басынан бері компанияның құны 79,8%-ға, ал соңғы 12 айда 129,4%-ға өсті. MarketWatch мәліметі бойынша, компанияны бақылап отырған 38 сарапшының 35-і Micron акцияларын сатып алуды ұсынады. Уолл-стриттің акциялар құнына қатысты консенсустық болжамы – 151,54 доллар, бұл көрсеткіштің шамамен 1%-ға төмендейтінін немесе жақын арада сарапшылар болжамын қайта қарайтынын білдіреді.