Жаңалықтар

Stellantis артқы көрініс камерасындағы ақауға байланысты шамамен 1,2 миллион автокөлікті кері қайтарып алды

Туриндегі Stellantis штаб-пәтері / Фото: Shutterstock

Stellantis АҚШ пен Канадада шамамен 1,2 миллион автокөлікті кері қайтарды. Компания көліктің бағдарламалық құралынан ақау тауып, ол артқы көрініс камераларын өшіріп тастауы мүмкін деп отыр. Биыл автокөлік концерні АҚШ-та 2,25 млн автокөлікті кері қайтарып алды. Осы уақыт ішінде компанияның нарықтық құны 10%-ға төмендеді.

Толығырақ

АҚШ-та 1,033 миллион, ал Канадада 126 мың автокөлік кері қайтарылған. АҚШ-та бұл шара 2021−2023 жылдар аралығында шығарылған Chrysler, Dodge, Ram және Jeep маркаларының 19 моделіне қатысты деп жазады Forbes.

Stellantis (бұрынғы атауы Fiat Chrysler) аталған автокөліктердегі радио жүйесінің бағдарламалық құралы камераларды кездейсоқ өшіріп тастауы мүмкін екенін анықтады деп жазады Reuters. Концерн бұл ақауды онлайн жаңарту арқылы шешпек, жаңартуды 735 мыңнан астам автокөлік алып үлгерді. Компания бұл мәселені 2023 жылдың қазан айында тексере бастаған. Stellantis осы ақауға байланысты әлдебіреудің жарақат алғаны немесе апат болғаны туралы хабарлама алмағанын мәлімдеді.

Осымен, Stellantis маусым айында Солтүстік Америка нарығында көп көлікті екінші рет кері қайтарып отыр. 6 маусымда концерн тұрақтылықты бақылаудың электрондық жүйесінің ақауларына байланысты 211 мың автокөлікті кері қайтарған.

Контекст

АҚШ-тың Жол қозғалысы қауіпсіздігі әкімшілігінің (NHTSA) мәліметі бойынша, FCA US (Stellantis North America, бұрынғы атауы – Chrysler) биылғы жылдың басынан бері 30 рет кері қайтару шарасы барысында 2,25 миллион автокөлікті қайтарып алған. Көлікті басқару жүйесіндегі ақауға байланысты, ақпан айының ортасында шамамен 200 мың, содан бір аптадан кейін тағы 338 мыңнан астам автокөлік кері қайтарылды. Наурыз айында компания 350 мыңнан астам автокөлікті кері қайтарған.

Биылғы мамырда Stellantis Еуропа, Африка және Таяу Шығыстың 24 елінде 2009−2019 жылдары шығарылған, жапондық Takata компаниясының қауіпсіздік көпшіктерімен жабдықталған 500 мың Citroen C3 және DS3 автокөлігін кері қайтарды. Сол қауіпсіздік көпшіктерінен ақау табылған еді. Takata 2017 жылдың маусымында банкрот болғанын жариялады.

Акция жайы

Кеше Нью-Йорктегі постмаркетте Stellantis акциялары 1%-ға қымбаттады. Бүгін америкалық биржалар АҚШ-тағы құлдықтың жойылу күні – Juneteenth мерекесіне байланысты жұмыс істеген жоқ. Милан биржасында кеше Stellantis акцияларының бағасы 0,2%-ға өсті. Жыл басынан бері автоконцерн өзінің нарықтық құнының 10%-ын жоғалтты. FactSet сауалнамасына сәйкес, сарапшылардың көбі – 28-дің 18-і – Stellantis акцияларын сатып алуға шақырады. Тек бір-ақ сарапшы автоконцерн акцияларын сатуды жөн көрді. Қалған тоғызы Stellantis акцияларын инвестициялық портфелде ұстаған дұрыс дейді.