Балалар картасы, арнайы білім депозиті: отандық банктер балаларға қандай мүмкіндіктер ұсынады?

Жарияланды
Отандық банктер балаларға қандай мүмкіндіктер ұсынады? / shutterstock, бильд-редактор: Денис Андреев

Екінші деңгейлі банктерде қарастырылған біраз мүмкіндіктен көбіміз хабарсыз қалып жатамыз. Банктің несие беруден де басқа біршама өнімі бар, тек оны аңғарып, байқап жүрген абзал. Соның бірі – балаларға арналған өнімдер мен қызметтер.

Соңғы деректер бойынша, елімізде 16-ға толмаған 6,5 млн бала бар. Бұл – бүкіл халықтың 32,7 пайызы. Ал 18 жасқа толмағандардың жалпы саны 7,1 млн адамды (немесе халықтың 35,5 пайызы) құрайды.

Іс жүзінде әрбір үшінші қазақстандық – бала екен. Сонымен қатар 3,9 миллионға жуық бала – мектеп оқушысы. Әрине, осыншама адам – өте ауқымды аудитория. Мұндайда халыққа түрлі қаржылық өнімдер мен қызметтер ұсынып отырған екінші деңгейлі банктер де қарап қалмас. Олар түрлі сервис, бағдарлама, жоба һәм өнім арқылы 4 миллионға жуық адамды құрап отырған аудитория мүмкіндігін пайдалануға тырысады.

Білім бағытына арналған депозит

Әр банкте әртүрлі өнімдер мен қызметтер қарастырылған. Соның бірі де бірегейі – AQYL депозиті. Білім бағытына арналған бұл депозиттің көмегімен болашақтағы оқуға арнап тез қаржы жинауға болады. Депозиттің осы түрін ашу арқылы банктен де, мемлекеттен де сыйақы алу мүмкіндігі бар. Кей банктерде салымның табыстылығы жылдық 17 пайызға дейін жетеді. Бұл ретте банк сыйлықақысы мен мемлекет сыйақысы капиталданады. Яғни негізгі салымға қосылады. Оның басты артықшылықтарының бірі – депозиттегі қаражатқа қандай да бір шектеу мен тұтқындау салынбайды.

Депозит аясындағы 10 млн теңгеге дейінгі салымға Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры кепілдік береді. Депозитті ашқан кезде кем дегенде 3 АЕК көлемінде ақша салынуы қажет. Толтыруды салым иесі кез келген уақытта жүзеге асыра алады.

Айта кетерлік бір жәйт – AQYL депозиті бойынша мөлшерлемені банктер өз бетінше орнатады. Бір банктерде – 5 пайыз, енді бірінде 7 пайыз болып белгіленеді. Тек мемлекет сыйақысы ғана өзгермейді. Ол – жылдық 5 пайыз және жетім балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедек адамдар, көпбалалы немесе аз қамтылған отбасынан шыққан балалар үшін 7 пайызды құрайды. Мемлекеттік сыйақы банк сыйлықақысын есепке ала отырып салымшының жинақ қаржысына қосылып отырады.

Бұл депозит бойынша салым толыққанды теңгемен сақталады. Мерзімі – 36-60 ай аралығы. Депозитті ашу үшін өзіңіз қалаған банктің бөлімшесіне бару жеткілікті.

Балаға депозит ашып, ең төмен пайызбен ипотека алу

Осындай ыңғайлы депозит «Отбасы банкте» де қарастырылған. Олар «Арнау» депозитін ең кемі 10 жылға ашуды ұсынады. Айтуларынша, соның арқасында бала кәмелет жасына толған кезде ең төмен пайызбен қарыз рәсімдеп, баспаналы болуға мүмкіндігі болады. Бұл ретте оның табысының аз-көптігі де маңызды болмайды.

  • Депозиттің жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 2 пайыз (ЖТСМ 2 пайыздан 6 пайызға дейін);
  • Ең төменгі жинақ мерзімі – 10 жылдан бастап, максималды – 15 жыл;
  • Депозит иегерлеріне арналған несиелендіру мерзімі – 6 айдан 10 жылға дейін;
  • Жинақ мерзімі біткен соң заем бойынша жылдық мөлшерлеме – 2 пайыз (ЖТСМ 2,1 пайыздан бастап 3,3 пайызға дейін);
  • Жыл сайынғы мемлекет сыйлықақысы – 20 пайыз (бір жыл ішінде жиналған 200 АЕК-ке дейінгі жинақ сомасына).

Бұл ретте осы депозитте қажетті соманың 50 пайызын жинап, 48-ге тең бағалау көрсеткішіне қолжеткізу маңызды болмақ. Сонда жылдық 2 пайызбен үй рәсімдеуге жол ашылады. Заем тек кәмелеттік жасқа толған депозит иегерінің атына беріледі. Яғни үй алар сәтте баланың жасы 18-ден жоғары болуы керек.

Балалар мен жасөспірімдерге арналған банктік қызметтер

Bank RBK ұсынатын инновациялық өнім аясында балалар мен жасөспірімдердің банктік қызметтерді кең ауқымда қолдануға мүмкіндік туындап отыр. Мобильді телефондарға арналған банк қосымшасы – тек балалар картасы емес, өз кезегінде digital-банкинг мүмкіндіктеріне ие. Бұл пайдалы сервис 7-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерді қаржылық тұрғыда сауатты болуға, ақшаны орнымен жұмсай білуге үйретеді. Мобильді қосымшада анимациялық дизайн және интерактивті тапсырма мен кәдімгі ақша жинайтын құмыра бар. Оны шын өмірдегідей жарып, ішінде қанша ақша жиналғанын көруге болады.

Картаға бейімделген мобильді қосымшаны «Центр Кредит Банкі» де әзірлеген. Kaspi Bank 10-16 жас аралығындағы балаларға арналған Kaspi Gold ашуды ұсынса, Altyn Bank пен Forte Bank сатып алулардың белгілі бір санатына арналған кэшбектер жариялайды.

Freedom Bank те балаларға арналған Power Card деп аталатын карта бар. Онда балаларға арналған тапсырма, сыйақы және ата-аналардың қадағалап отыруына мүмкіндік беретін қолжетімділік бар. Яғни ата-аналар картаны толтырып, шекті лимит белгілеп, қажетсіз төлемдерді, тіпті қажет болса картаны толықтай бұғаттай алады. Аналитика көмегімен баланың ақшаны қайда жаратқанын қадағалап отыруға болады.

Ата-ана тиімді орындалған тапсырма үшін сыйақы беріп отыра алады. Мәселен, үйде істелген жұмыс, оқылған кітап немесе сабақ үшін. Балада – ынта-жігер, ата-анада – бала мүмкіндігін пайымдайтын және тәрбиелейтін тамаша құрал пайда болады.

Power Card картасында төрт валютамен ақша жинауға болады, олар – теңге, доллар, еуро және рубль.

Картаға тапсырыс берілгеннен кейін, оны цифрлы форматта бірден пайдалана беруге болады. Ал пластик нұсқасы (егер қажет болса) бірер күн ішінде жеткізіледі.

Картаны 5-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге арнап ашуға болады. Әр сатылымнан ай сайын кешбек беріліп отырады. Электронды әмиян арқылы төлем жасаса – 5 пайыз, пластик карта арқылы төлем жасаса, 3 пайызға дейін кешбек беріледі.

Пластик карталарды ашу, қызмет көрсету, шығару және жеткізу ел бойынша тегін жүзеге асырылады.

«Центр Кредит Банкінің» Junior картасы да көпшілікке жақсы таныс болса керек.

«Балаларға арналған алғашқы карта қаражатты басқаруды, сақтауды, көбейтуді және ақша табуды үйретеді», – дейді банк өкілдері. Бұл картаның мүмкіндіктері мен артықшылықтары қандай:

  • Бақылау және қауіпсіздік;
  • 18 жасқа дейін рұқсат етілген санаттарда ғана сауда жасау;
  • Жүргізілген операциялар туралы ата-аналарға SMS арқылы хабарлау және балаға пуш хабарлама жолдау;
  • Банк белгілейтін қауіпсіз лимиттер;
  • BCC.KZ қосымшасы арқылы операцияларды бақылау

Банк сарапшыларының айтуынша, картаға қарағанда, қағаз ақша мен монеталарды балалар жиі жоғалтады.

Балалар картасын пайдаланып бонус алуға болады

Forte Bank ұсынатын Forte балалар картасын пайдаланып, 15 пайызға дейін бонус алуға болады.

Бұл картаның негізгі басымдықтары:

  • 6-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге арнап тегін ашуға болады;
  • Барлық банкоматтарда 30 мың теңгеге дейін комиссиясыз шешіп алуға болады;
  • Бір айда барлық банк картасына 30 мың теңгеге дейін тегін аударым жасауға болады;
  • Картаны тегін жеткізіп береді;
  • Ата-анасы бала картасындағы деректерді бақылап, басқара алады.

Балаларға арналған сервис ұсынудан Jusan Bank те кенде қалмайды. Бұл банкке барып, 6-17 жас аралығында балаға немесе жасөспірімге арнайылап карта ашуға болады. Әрбір төлем мен сатып алу үшін 5 пайыз бонус есептеледі. Негізгі мүмкіндіктері:

  • Марапаты бар арнайы тапсырмаларды орындау;
  • Баласының кіріс-шығысын ата-анасы бақылап отыра алады;
  • Бала қаржылық сауаттылық әліппесін меңгереді.

Балаларға тиімді қаржылық қызмет ұсынып отырған қаржы институттары қатарында Halyk Bank те бар. Мәселен, олар жыл бойы сабақты жақсы оқыған балаларға арнап бонустар береді. Kundelik электронды жүйесіндегі әрбір 10 балл үшін оқушыға 100 бонус есептеліп отырды. Ол үшін бала атынан Halyk Easy балалар картасы ашылуы шарт. Нәтижесінде, осы жүйеге қатысқан балалардың сабақ үлгерімі 30 пайызға артқан. Қазірге дейін 500 мыңнан астам бала бонус иеленіп үлгеріпті. 2023 жылдың өзінде банк 1,1 млрд теңгенің бонусын берген.

Балалар картасының артықшылығы:

  • Кез келген санат (кино, кафе және басқалар)үшін 2 пайыз бонус. Оны банктің POS-терминалы бар кез келген мекеме мен Halyk қосымшасында жаратуға болады.

Жалпы, балаларға карта ашып берудің, оларды банк өнімдерін тұтынуға бейімдеудің нақты нендей оң тұсы бар. Оны былай тізбелесек болғандай:

  • Практика көрсетіп отырғандай, қағаз ақша мен тиынға қарағанда бала картаны сирек жоғалтады;
  • Карта жоғалған күннің өзінде оны бұғаттай салу еш қиындық тудырмайды. Соның нәтижесінде шоттағы ақша аман-сау сақталады. Содан кейін банк бөлімшесіне барып, картаны қалпына келтіру оп-оңай жүзеге асады. Ал жоғалған қолма-қол ақшаның орнын толтыру қиын ақ;
  • Картамен төлем жасаған болсаңыз, қайтарым ақша есебінен еш жаңылыспайсыз;
  • Ата-анасы қай жерде болса да баласына карта арқылы ақша жібере алады. Мұны қазіргі таңда мобилді қосымша, онлайн банкинг, банкомат арқылы не болмаса банк бөлімшесіне барып іске асыруға болады;
  • Картаны пайдалану нәтижесінде бала өз шығындарын басқарып үйренеді;
  • Картада көп жағдайда суреттер ашық, әдемі, тартымды бейнеленеді. Көп ретте мультфильм кейіпкерлерін орналастырады. Сондықтан картаны балаға сый-сыяпат ретінде ұсынуға да әбден болады;
  • Балалар картасын пайдаланушылар үшін банктердің серіктес-дүкендері кейде балалар тауарлары үшін түрлі акция ұйымдастырып, кешбек беріп жатады;
  • Ата-анасы картадағы әрбір әрекетті мобилді қосымша немесе SMS арқылы қадағалап отырады;
  • Ата-ана картадан басқа картаға немесе шотқа ақша аударуға шектеу қоя алады;
  • Ата-ана банкоматтан шешіп алатын ақша көлеміне, интернет арқылы сауда жасауға шектеу енгізе алады. Әрбір сатылым операциясын жасаған сайын операцияны растау туралы SMS-код жіберіледі.
Сондай-ақ оқыңыз