«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің 2023 жылғы табысы 407,6 млрд теңгені құраған. 2022 жылы бұл көрсеткіш 380,6 млрд теңгеге тең болған. Холдингтің 2023 жылға аудитттелген қаржы есебі жарияланды.
Компания табысының артуына операциялық кірісінің өсімі себеп болған. 2022 жылы оперциялық кіріс көлемі 360 млрд теңге болса, 2023 жылы 1,5 есе өсіп, 565 млрд теңгені құраған.
Холдингтің 2023 жылғы жиынтық кірісі 421,9 млрд теңгеге жеткен. Аудиторлық есептен жиынтық кірістің біршама өскенін байқауға болады. 2022 жылы компания 332 млрд теңге жиынтық кіріс алған.
Қазіргі кезде холдинг көлемі 13,6 трлн теңгеге тең активтерге иелік етеді. Активтері бір жыл ішінде 12,2 трлн теңгеден 13,6 трлн теңгеге жеткен. Холдинг активтерінің 5,7 трлн теңгесі – клиенттерге берілген кредиттер. Ақша қаражатының сомасы 2,2 трлн теңгені құраса, сатуға арналған ұзақмерзімді активтерінің құны 1,8 трлн теңгеге тең.
«Бәйтеректің» міндеттемелері 2023 жыл қорытындысында 10,9 трлн теңгеден асты, 2022 жыл нәтижесінде бұл көрсеткіш 10,1 трлн теңге болған. Бұл міндеттемелердің 3,8 трлн теңгесі – холдинг шығарған бағалы қағаздарға тартылған қаржы. Сонымен қатар 2,5 трлн теңгесі – клиенттерінің қаржысы.
Холдингтің меншікті капиталы бір жылда 600 млрд теңгеге өсіп, 2023 нәтижесінде 2,6 трлн теңгеге жеткен.
2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Холдинг құрылымына мемлекеттік саясат пен мемлекеттік бағдарламаларды іске асырумен айналысатын сегіз еншілес ұйым (2022 жылғы 31 желтоқсан: сегіз еншілес ұйым) кірген. Олар: Қазақстанның Даму банкі, «Qasaqstan» инвестициялық корпорациясы, «Отбасы банкі», «Қазақстан тұрғын үй компаниясы», «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы, «Аграрлық несие корпорациясы» және Bereke Bank. ( 2024 жылы банк қатарлық инвесторға сатылды).
Айта кетейік, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі 2024 жылдың бірінші тоқсанында 121 млрд теңге таза пайда тапқан. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға артық.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» – Қазақстан экономикасын әртараптандыру, инновацияларды қолдау, экспортты дамыту, еңбек өнімділігін ұлғайтуды қолдайтын, оны дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ететін ұлттық институт. Холдинг 2013 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен құрылды. Оның жалғыз акционері – Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті.