Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер заңсыз несие ресімдеу кезіндегі алаяқтық, сондай-ақ жалған есептен шығару мен аударуға қатысты қылмыстық істерде жәбірленуші ретінде танылуы мүмкін. Сонымен қатар жасанды интеллект пен дропперлерді пайдалануға қатысты қылмыстарда да жәбірленуші атануы ықтимал. Бұл туралы ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың депутаттық сауалға берген жауабында жазылған.
Мәжіліс депутаттары Ерлан Стамбеков, Гауһар Танашева және Ирина Смирнова несие алаяқтығына қатысты депутаттық сауал жолдаған. Бұл сауалда мәжілісмендер түрлі алаяқтардың арбауына түсіп, еркінен тыс несие алып, қарызға кіріп кеткен азаматтардың мәселесін көтереді.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы ел азаматтарынан екінші деңгейлі банктер арқылы 7,5 млрд теңгеге несие заңсыз рәсімделді деген 6 246 өтініш түскен. Ал 451 адам алаяқтарға алданып, микроқаржы ұйымдарына 255 млн теңге қарыз болып қалдым деген.
Депсауалға берген жауабында Бас прокурор биыл жыл басынан бері интернет-алаяқтық фактілері бойынша 8 мыңнан астам іс тіркелгенін айтады. Соның 50%-ы – кредит рəсімдеумен байланысты. Осы істердің басым бөлігінде сенгіш азаматтар кибералаяқтардың əсерінен онлайн қарыздарды өздері рəсімдеген, не əртүрлі бағдарламаларды жүктеп, несие алып берген.
Ал мұндай істерде қылмыскерді анықтау мүмкін болмағандықтан, көбіне сотқа жетпей, ашылмай қалады. Бас прокурор мұндай қылмыстардың ашылмауына бірнеше себеп бар екенін айтады. Біріншіден, интернет-алаяқтар негізінен көрші елдерде отырады, оған қоса заңнамада «дропперлерге» жауапкершілік қарастырылмаған.
Екіншіден, алаяқтық схемалары мен əдістері үздіксіз жетілдіріліп отырады. Оның ішінде жасанды интеллект пен сол «дропперлерді» пайдалану да бар (банк карталарын, интернет-банкингтерді жəне т.б. беруді қоспағанда, «дропперлерді» нақты мекенжайларға жібереді).
Үшіншіден, заңнамалық кемшіліктер. Алаяқтар бақыланбайтын СИП-телефония мен СИМ-бокс құрылғыларын заңсыз пайдаланып, отандық абоненттік нөмірлерді (СИМ-карталары) жəне азаматтардың жеке деректерін кедергісіз сатып алады. Осыларды ескере отырып, Үйлестіру кеңесі алаяқтықтың алдына алу жолдарын талқылаған.
«Үйлестіру кеңесіне қатысушылар екінші деңгейдегі банктерді осы санаттағы қылмыстық істер бойынша жəбірленуші деп тану туралы ұсыныстарды қолдады», делінген жауапта.
Асылов бұл ұсыныс 2024 жылдың мамырында көтерілгенімен, нақты қашан жүзеге асатынын жазбаған. Бас Прокурор Еуропа мен Солтүстік Американың дамыған елдеріндегі осындай оң тәжірибе бар екенін атап өткен.
Бұған дейін Ұлттық Банк мессенджерлер арқылы жасалатын алаяқтық жиілеп кеткенін ескерткен болатын. Банк саласының сарапшысы Андрей Ревенков алаяқтар адамның қызығушылығын пайдаланатынын айтады.