Қазақстан Үкіметі республикалық бюджетті қаржыландыру үшін Ұлттық қор қаржысына «ҚазМұнайГазбен» қатар «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының акцияларын сатып алуға рұқсат берді. Бұған бірінші боп ҚазТаг ақпарат агенттігі назар аударды.
2023 жылы Үкімет ҚМГ акцияларын сатып алу арқылы Ұлттық қордан 1,3 трлн теңге шығарып алғаны белгілі.
Үкіметтің 14 маусымдағы № 470 қаулысымен Ұлттық қор қаржысын орналастыруға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесіне өзгеріс енгізілген. Қаулыда:
«көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын орналастыру үшін материалдық емес активтерді қоспағанда, рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесінде: 2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
2) Халықаралық SPO (Secondary public offering) жүргізу кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының үлесін басым түрде өткізу құқығымен республикалық бюджетті қаржыландыру үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша нарықтық құнына дисконтпен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының және «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамының акциялары», – деп жазылған.
Қаулыға 2023 жылы енгізілген өзгерісте тек «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының акциялары сатып алынатыны жазылған. Бұл түзетуде «Қазатомөнеркәсіп» акцияларына қатысты тармақ болмаған. Қазіргі уақытта компания акцияларының 75%-ы «Самұрық-Қазына» қорына, ал 24,34%-ы номиналды ұстаушыларға тиесілі.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің қолы қойылған Үкімет қаулысы жарияланған сәттен өз күшіне енген.
Ұлттық қор қаржысына ҚМГ акциялары қалай сатып алынды?
2023 жылдың төртінші тоқсанында Қаржы министрлігі Ұлттық қордың 1,3 триллион теңге қаражатын пайдаланып, «Самұрық-Қазына» қорынан «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның 20 пайыз үлесін сатып алған болатын.
Оған дейін Үкімет республикалық бюджетті қаржыландыру үшін Ұлттық қордың 1,3 трлн теңгесіне «ҚазМұнайГаздың» акцияларын сатып алуы туралы шешім шығарған.
Ұлттық банк былтыр қазан айында Ұлттық қор қаржысына «ҚазМұнайГаз» АҚ акциялары сатып алынғанын хабарлады. Хабарламада республикалық бюджетке трансферт және ҚМГ акцияларын сатып алу үшін 1,5 млрд АҚШ доллары сатылғаны жазылған.
Сосын Ұлттық банк компания акцияларын сатып алуға қазан айында нақты 500 млрд теңге жұмсағанын мәлімдеді.
Ал қараша айында Ұлттық банк бюджетке бөлінетін трансферт пен ҚМГ акциялары үшін Ұлттық қордан $1,32 млрд валюта сатты.
Нәтижесінде ел бюджетіне қосымша 1,3 трлн теңге түскен. Сарапшылар Ұлттық қордың қаржысын мұндай тәсілмен алу – «бюджет саясатындағы жағымсыз үрдіс» деп тұжырымдаған еді.
Ал Қаржы министрлігінің есебінде бұл қаржы «мемлекет меншігіндегі акциялар пакетінен түскен дивиденд» ретінде көрсетілген. Министрлік 2023 жылдың 11 айындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебінде ҚМГ акцияларын сатудан бюджетке түскен қаржыны Ұлттық қордан аударылатын трансферт деп көрсетпеген. Ол «мемлекет меншігіндегі акциялардың мемлекеттік пакетіне түскен дивиденд» бағанына жазылған.
Қазақстанның миноритар акционерлер қауымдастығы Қаржы министрлігінің бұл әрекетін құптамады. Ұйым Ұлттық қордан шығарылған қомақты қаржы «акцияларға салынған инвестиция» ретінде көрсеткісі келді деп сынаған еді.
Ұлттық қорда қанша қаржы бар?
Ұлттық банк дерегінше, қазіргі кезде Ұлттық қордағы жинақталған қаржы 60 млрд АҚШ долларын құрайды. 2023 жылғы инвестициялы табыс 6,2 млрд теңгені құраған.
2024 жылдың 5 айында Ұлттық қорға 2,65 трлн теңге түскен. Соның ішінде 2,17 трлн теңгесі – мұнай компанияларынан тікелей түсетін салық. Алайда оның басым бөлігі жұмсалып кетті. Қазіргі кезде қорда 29,3 трлн теңге жинақталған.
2024 жылдың І тоқсанында Ұлттық қорды басқарудан 464 млрд теңге инвесттабыс түскен.
Қаржы министрлігінің есебіне сәйкес, есепті кезеңде қордан 2,45 трлн теңге алынған. Соның ішінде 1,58 трлн теңгесі кепілдік берілген трансферт болса, 861 млрд теңгесі – нысаналы трансферт. Қорды басқару және жыл сайынғы сыртқы аудитті жүргізуге байланысты шығысты жабуға 5 айда 5,8 млрд теңге жұмсалған.
2024 жылғы 1 қаңтарда Ұлттық қор активтері 29,1 трлн теңгені құраса, 1 маусымдағы жағдай бойынша 29,3 трлн теңгеге жеткен. Яғни мұнай секторынан қаржы тұрақты түсіп отырғанымен, ел үкіметінің қордан үздіксіз қаржы алуының салдарынан, Ұлтты қордағы қаржы тек 190 млрд теңгеге өскен.