Жаңалықтар

«ҚазМұнайГаз» Ақтөбе облысындағы «Қаражар» кен орнында көмірсутек барлау жұмысын бастайды

«Қаражар» кен орнында көмірсутек барлау жұмысы басталады / kmg.kz, бильд-редактор: Денис Андреев

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» Энергетика министрлігімен Ақтөбе облысындағы «Қаражар» учаскесінде көмірсутек барлау және өндіруге келісімшарт жасасты. Бұл туралы компанияның Қазақстан қор биржасына жолдаған хабарламасында жазылған.

«2024 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен ҚМГ арасында Ақтөбе облысында орналасқан «Қаражар» учаскесінде күрделі жоба бойынша 2024 жылғы 5 маусымдағы №5336-УВС-МЭ көмірсутек шикізатын барлау мен өндіруге келісімшартқа отырды», – делінген хабарламада.

«Қаражар» кен учаскесі Ақтөбе облысының Байғанин ауданында орналасқан.

2023 жылы «ҚазМұнайГаз» үш кен орнын пайдалануға берген еді. Олар: Оңтүстік Ақсай, Рожков кен орны және Шығыс Өріктау кен орны. Соңғы кен орны Ақтөбе облыс, Мұғалжар ауданында орналасқан, 2015 жылы ашылған. Өндірілетін мұнай қоры – 4,7 млн тонна, мұнайда еріген газ қоры — 2,5 млрд текше метрді құрайды.

Кен орнында күкіртсутек мөлшері 3,5% және одан да көп. Сол себепті де бұл күрделі жоба саналады. Сондай-ақ қолданыстағы мұнай-газ кен орындары қорларының сарқылуы аясында елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызы зор. Ішкі нарықтағы газ тапшылығына байланысты Өріктау жобасының іске асырылуы стратегиялық тұрғыдан алғанда аса маңызды. Кен орнын іске қосу Ақтөбе өңірі үшін тауар және сұйытылған газдың қосымша көлемін алуға мүмкіндік береді.

«ҚазМұнайГаз» АҚ басқармасы төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанның жер қойнауы 24 пайызға ғана зерттелгенін айтқан. Сондықтан да Қазақстан аумағынан жаңа мұнай кеніштері табылуы мүмкін.