Долларға сенім төмендеп бара ма: Орталық банктер алтын қорын көбейтуге ниетті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media архиві

Әлемдік Орталық банктердің үштен бір бөлігі алдағы 12 айда өз алтын қорын көбейтуге ниетті. Дүниежүзілік алтын кеңесінің сауалнамасына қатысқан 70 елдің Орталық банкі алтын қорына қатысты өз жоспарын айтқан.

Бас банктердің 30 пайызының алтын қорын арттырамыз деуі – 2018 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш.

Оған қоса, банктер өзі ғана емес, әріптестерінің де алтын үлесін арттыратынына сенімді: респонденттердің 81%-ы алдағы бір жылда Орталық банктер резервтеріндегі алтын үлесі артады деп пайымдайды. Ал 60 пайызы келесі 5 жылда алтын қоры көбейетініне сенімді. Былтырғы сауалнамада бұлай жауап бергендердің үлесі 38% ғана болған.

WGC мәліметі бойынша, дамыған ел респонденттерінің 57%-ы алтынның үлесі артады деп сенсе, дамушы нарық пен дамушы экономика өкілдерінің 75%-ы солай ойлайды. Дегенмен экономикасы дамыған елдер респонденттерінің 35%-ы алтын үлесі бес жылдан кейін өзгеріссіз қалады деп тұжырымдайды.

Орталық банктердің алтынға деген сұранысының артуына оның ұзақ мерзімді перспективада қымбаттайтыны, сенімділігі себеп. Одан бөлек, алтын – тиімді әртараптандыру құралы.

Орталық банктер сонымен қатар АҚШ долларының жаһандық резервтердегі салыстырмалы үлесі төмендейді деген болжам айтады. Респонденттердің 62%-ы доллардың үлесі алдағы бес жылда 2023 жылғы 55%-дан біршама төмендейді деп сенеді.

Алайда британдық «Ресми валюта-қаржылық институттар форумы» (OMFIF) талдау орталығының зерттеуінде орталық банктер өз алтын-валюта резервіндегі доллардың үлесін арттыраты жазылған.

5,4 триллион долларды құрайтын халықаралық резервті басқаратын 73 мемлекеттік мекемеге сауалнама жүргізген OMFIF мәліметі бойынша, әлемдегі орталық банктер алдағы бір-екі жылда доллардағы салымын арттыруды жоспарлап отыр. Былтыр респонденттердің тек 6%-ы ғана осылай жауап берген

Орталық банктер резервіндегі алтынның үлесі былтыр 9%-дан 11%-ға дейін өскен. Сонымен қатар сауалнамаға қатысқан банктердің 15%-ы алтын бағасы қатты қымбаттаса да, алдағы бір-екі жылда өз резервін ұлғайтуға ниетті. Компания есебінде Орталық банктер алдағы бір-екі жылда 600 миллиард долларға қымбат металды сатып ала алады делінген. Сәуір айында әлемдік орталық банктердің алтын-валюта қоры 33 тонна алтынмен толыққан. 

Екі ай бұрын алтын бағасы тарихи рекорд жаңартып, бір унциясы үшін 2400 доллардан асқан болатын. New York Times әлемде алтын бағасының көтерілуіне Қытай инвесторлары ықпал етіп жатыр деп жазады. Сарапшылар пікірінше, инвесторлардың жылжымайтын мүлік пен акцияларға сенімі азайып, жаппай алтын сатып алып жатыр.

Негізінен алтын бағасының өсуіне геосаяси жағдай әсер еткен. Өйткені экономикалық күйзеліс кезінде алтын қауіпсіз инвестиция ретінде қарастырылады. Солайша бұл метелл бағасының күрт қымбаттауына Ресейдің Украинаға басып кіруі мен Газа секторындағы соғыс өз әсерін тигізген

Сондай-ақ оқыңыз