Меккеде қажылық кезінде қаза тапқан қажылардың жалпы саны 577-ге жеткен. Олардың 323-і – Мысыр азаматы болса, 60-ы иорданиялықтар. Бұл туралы AFP өз дереккөзіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
«Олардың (мысырлықтар) бәрі аптап ыстықтан қайтыс болды, тек біреуі адамдар арасында қалып жан тапсырған», – деді есімін атамауды сұраған араб дипломаттарының бірі.
Дипломат бұл мәліметтердің Меккенің әл-Муайшам аймағындағы аурухана мәйітханасынан алынғанын айтқан. Елдің ұлттық метеорологиялық орталығы дүйсенбі күні Меккедегі ең үлкен мешіттегі ауа температурасы 51,8 градусқа жеткенін хабарлады.
Сауд Арабиясы үкіметінің мәліметі бойынша, биыл 1,8 миллионға жуық адам қажылығын өтеуге ниет еткен. Соның 1,6 миллионы өзге елдерден келді.
Бір күн бұрын Иорданияның Сыртқы істер министрлігі елдің 14 азаматы «қатты аптап ыстықтан күн өтіп» қайтыс болғанын, тағы 17-сі із-түзсіз жоғалып, оларды іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады. Сауд Арабиясының ресми ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Арафат тауының емдеу орталығы осы уақытқа дейін аптап ыстық 225 адамға өтіп кеткенін тіркеген.
Сауд Арабиясының билігі аптап ыстық салдарын азайту үшін климатты бақылайтын бірнеше аймақ құрғанын айтты. Олар су таратып, қажыларға күннен, ыстықтан қалай қорғану керегі жөнінде кеңес береді.
Сауд Арабиясының Денсаулық сақтау министрлігі сондай-ақ қажыларға жиі су ішуді және күннің ең ыстық уақытында, таңғы 10.00-ден 16.00-ге дейін далаға шықпауды сұрайды.
Былтыр қажылық кезінде 240 адам қайтыс болды, ал 2015 жылы 2000-нан аса адам қажылық кезінде шейіт кеткен.
Маусым айының басында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ел азаматтарын Меккеге қажылыққа арнайы визамен баруға шақырды. Әйтпесе Сауд Арабиясынан депортацияланатынын ескерткен.Биыл Қазақстаннан ресми 5081 адам қажылыққа аттанады. Олар 5-10 маусым аралығында Саудияға барып, 23-28 маусым аралығында елге оралады деп жоспарлануда.