Қазақстанның су қоймалары 90 пайыз толып тұр
Қазақстанның солтүстігі мен батысындағы су қоймалары 90 пайыз толған. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Министрлік жиналған суды ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдалануға уәде беріп отыр.
Атап айтқанда Батыс Қазақстан облысындағы төрт ірі су қоймасы 91%-ға толып тұр. Олардың бәрі штаттық кестеге сай жұмыс істейді.
Ал Ақмола облысындағы екі ірі су қоймасындағы су көлемі 97,4%-ға жеткен. Екі нысан да жұмыс істеп тұр.
Министрлік мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысындағы 2 ірі су қоймасы да 99,6%-ға толы. Ал Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші – 88,5%.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында екі ірі су қоймасы бойынша орташа су жинау көрсеткіші – 92,6% болса, Абай облысында Шүлбі су қоймасы 91%-ға толы.
Қарағанды облысындағы 3 ірі су қоймасындағы су көлемі 99%-ға жеткен. Ал Қостанай облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші – 88,6%. Екі нысан да штаттық кесте аясында жұмыс істеп тұр.
«Су қоймаларына жиналған су ауылшаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдалану үшін жіберіледі», – делінген хабарламада.
Бұған дейін министрлік еліміздің су қоймаларына 75 миллиард текше метр су жиналғанын хабарлаған. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 15 миллиард текше метрге артық. Жиналған судың 12 миллиардтан астамы – тасқын суы.
Су ресурстары және ирригация министрлігі Каспийді тасқын суымен толтырып, теңізге 6 млрд текше метрге жуық су жіберді. Қазақстанда су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жыл сайын 370 млрд теңгеге жуық қаражат керек.