Депутат Бас прокуратурадан киіз үйде би билегендерге қатысты құқықтық баға беруді сұрады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Самат Мұсабаев киіз үйде билегендерді ЛГБТ насихатына тосқауыл қоюға ашық қарсылық деп бағалаған / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев Бас прокуратурадан киіз үйде би билеген азаматтардың ісіне құқықтық баға беруді сұрады. Бұл туралы депутат Бас прокурор мен Ұлттық Қауіпсіздік комитетіне жолдаған депутаттық сауалында жазған.

«Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасына, Ұлттық Қауіпсіздік комитетіне аталған бейнеролик бойынша құқықтық баға беріп, оған қатысты нақты шара қолдануды сұраймын», – деп жазды депутат.

Мұсабаев киіз үйдің қазақ халқы үшін қастерлі мұра екендігін айтып, ұлттық құндылықтарға қатысты ақпараттық шабуыл басталғанын атап өтті.

«Күні кеше оюлаған киіз үйде ұлттық киім киіп, жартылай жалаңаштанып ойқастаған үшеудің әлеуметтік желіні шарлаған бейнеролигі исі қазақтың ашу-ызасын тудырып отыр. Халықтың бұған наразылығы әбден орынды. Ең аяулы дүниеңді аяққа таптаса, ұлттық киіммен жалаңаштанса, төріңде әуретін ашып тайраңдаса – бұл бүкіл ұлтты, дені қазақ, рухы биік елімізді қорлаумен пара-пар», – деп жазған депутат.

Мәжілісмен бейнежазбаны қоғамның осы әрекетке қалай үн қататынын байқайын деген астыртын сыр тарту тәсілі әрі ЛГБТ насихатына тосқауыл қоймақ талапқа деген ашық қарсылық әрекеті деп бағалаған.

Бұдан бөлек, депутат 2023 жылы барлық платформада, әлеуметтік желілерде ұлттық мәдениетімізге сәйкес келмейтін ақпараттық өнімдерді таратуға тыйым салуға, теріс ағымдарды насихаттайтын ақпарат көздерінен сақтайтын заң нормаларын әзірлеуді ұсынғанын айтты. Таяуда қоғам белсенділері ЛГБТ насихатына қарсы петиция жариялап, небәрі 2 аптада осы талапты қолдап, 50 мың қол жинағанын еске түсірді.

«Бейнероликтегі ұлттық құндылықтарымызды қорлау көрінісі – әбден шектен шыққандық. Сондықтан құқық қорғау органдары осы мәселе бойынша нақты құқықтық бағасын беруі тиіс. Бұдан былай ұлттық құндылықтарымыз – домбыра, қобыз, киіз үй, ұлттық киім, ұлттық тағам секілді асыл жәдігерлерімізді қандай-да теріс мақсатта пайдалану, мазақ ету – ұлт намысына қол сұғу, ұлттың беделін түсіруге бағытталған қылмыстық әрекет деп бағаланып, қылмыстық жауаптылықпен жазалануы тиіс», – деді депутат.

Мәдениет министрі Аида Балаев киіз үйде бейәдеп би билеп, оның бейнежазбасын тарату іс-әрекетін құптамайтынын айтып, мұндай қылық алауыздық тудырады деп айыптаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз