Тоқаев су тасқыны кезінде көмек көрсетпеген кәсіпкерлер жайлы: олардың кім екенін жақсы білеміз
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны зардабымен күресу кезінде көмек қоылн созбаған кәсіпкерлердің «кім екенін жақсы білетінін» айтты. Бұл туралы президент Ақордада су тасқынымен күреске белсене атсалысқан азаматтарды салтанатты марапаттау рәсімінде мәлімдеді.
«Тасқынның зардабын жоюға бірқатар кәсіпкеріміз қомақты қаражат бөлді. Олар әрдайым туған елімен бірге екенін нақты іспен дәлелдеді. Ұлт мүддесіне сай жауапкершілігі мол кәсіпкерлік дегеніміз – осы. Әрине, қалыс қалған кәсіпкерлер де аз емес, олардың кім екенін де жақсы білеміз. Біз ешкімді мәжбүрлеген жоқпыз. Әркім өз таңдауын жасады», – деді президент.
Тоқаев баспанасыз қалған адамдарға «Қазақстан халқына» қорынан тұрғын үй салуға қаражат бөлінгенін айтты. 2200 астам үй салынып, 10 мыңға жуық баспана күрделі жөндеуден өтеді.
Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 718 жеке тұрғын үй, 1 130 аула аумағы су астында қалған. Бұл ретте түрлі компаниялар мен қайырымдылық қорлары су тасқыны салдарын жоюға қаржы бөлуде. «Курсив» 2024 жылғы 18 сәуірдегі деректер негізінде арнайы инфографика жасаған.