Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Киевте қазақстандық журналист Айдос Садықовқа жасалған қастандық әрекетке қатысты пікір білдірді.
Ақорда ақпаратына сүйенсек, президент қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін айтты.
“Кеше Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа қатысты Киевте болған қылмысқа да дәл осы ұстаным тұрғысынан қараған жөн. Мен дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы осы оқыс оқиға бойынша ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма бердім», – деді президент.
Тоқаев Қазақстанда Заң мен тәртіп бәрінен биік тұруы тиіс және қоғамдағы барлық қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктерді тек қана құқықтық тұрғыдан, яғни тиісті Заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешу қажет екендігінде атап өтті.
Бұл туралы президент Ақордада су тасқынымен күреске белсене атсалысқан азаматтарды салтанатты түрде марапаттау рәсімінде айтты.
Украиналық РБК басылымының ақпаратына сүйенсек, 18 маусымда Киевтегі Шевченко ауданында белгісіз адам тұраққа қойылған автокөліктің жүргізушісіне, яғни қазақстандық белсенді, журналист Айдос Садықовқа белгісіз біреу оқ атқан.
Айдос Садықов пен әйелі Наталья Садықова Киевте тұрады. Олар 2014 жылдан бері «Бәсе» Youtube-арнасын ашып, Қазақстандағы саяси оқиғаларға қатысты сыни видеолар жариялап жүрген.
2023 жылы қазан айында Қазақстан ерлі-зайыпты Айдос және Наталья Садықовтарға іздеу жариялаған.