Жаңалықтар

«Қорғастың» жүк терминалы мемлекетке қайтарылды: сату кезінде бағалау стандарттары бұзылған

«Қорғастың» багаж терминалы мемлекетке қайтарылды / facebook.com/mcpskhorgos, бильд-редактор: Артур Алескеров

«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының жүк терминалы сату кезіндегі өрескел қателікке байланысты мемлекетке қайтарылды.

«Прокуратура органдарының тексеру шаралары бойынша 2018 жылы 900 м2-ден асатын «Қорғас» Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының багаж терминалы 90 млн теңгеге сатылғаны анықтады. Кейіннен 2023 жылы оның астындағы 1,9 га жер учаскесін 500 мың теңгеге уақытша пайдалануға қосымша сатып-алу шарты жасалды», – делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Бас прокуратура сауда кезінде тараптар мүлікті сату ережелерін сақтамағанын және мүлікті бағалау стандарттарын өрескел бұзғанын, сондай-ақ жер телімін иеліктен шығару ғимарат сатылған соң, 4 жылдан кейін жүзеге асқанын анықтаған.

Қателіктерді анықтағаннан кейін, прокуратура бұл активтерді мемлекет меншігіне қайтару үшін сотқа жүгінген.

Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 2024 жылдың 19 наурызда шешімді қанағаттандырып, келісімшарттар жарамсыз деп танылып, мүлік мемлекет меншігіне қайтарылған.

Қазақстан-Қытай шекарасында контрабандалық тауар өткізу желісін ұйымдастырып, кәсіпкерлерден ақша жинады деп айыпталған 45 адам сотталды. Олардың басым бөлігі Кеден қызметінің аймақтық органдары мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоғары лауазымды қызметкерлері болды. «Қорғас ісі» бойынша негізгі ұйымдастырушы деп танылған Талғат Қайырбаев 16 жылға, Бақыт Отарбаев 17 жылға сотталды. Алматы облысы бойынша Кедендік комитет департаментінің бұрынғы басшысы, полковник Құрманбек Артықбаев 14 жылға бас бостандығынан айырылды. «Қорғас» кеден бекетінің бұрынғы басшысы, кеден қызметінің подполковнигі Бақытжан Айдаров5 жарым жылға, «Қалжат» кеден бекетінің бұрынғы басшысы Миндулла Үмбетқалиев 9 жылға, «Алатау-ЦТО» кеден бекетінің бұрынғы басшысы Михаил Войтович 8 жылға сотталды.