Парламент Мәжілісінде енгізілген түзетулер аясында дербес деректерді қорғау заңнамасын бұзғандарға салынатын әкімшілік айыппұл көлемін үш есеге арттыру ұсынылып отыр. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектеновтің депутаттық сауалға жауабында жазылған.
«Жаңа заңнамалық бастама аясында жеке деректердің сыртқа тарауының жағымсыз салдарын барынша азайту мақсатында суперәкімшілер қызметін бақылауды талдауға қарсы, сондай-ақ ботқа қарсы жүйелерді енгізу жоспарлануда. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жеке деректерді, электрондық құжатты және электрондық цифрлық қолтаңбаны қорғау саласында әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімін ұлғайтуды көздейтін өзгерістер енгізілді (әкімшілік айыппұл сомасын үш есеге ұлғайту). Өзгеріс ҚР Парламенті Мәжілісінде қаралып жатыр», – деп жазылған премьер-министрдің депутаттық сауалға берген жауабында.
Жаңа әдістемелік ұсыныстар әзірлеп, қаржы ұйымдарына жолдады
Бектенов 2023 жылдың шілдесінде қаражаттың заңсыз айналымына қатысты заңсыз операцияларды анықтау үшін бірқатар жаңа критерийлер енгізілгенін еске салды. Сондай-ақ қаржы мониторингі агенттігі банктер мен төлем ұйымдарының өнімдерін заңсыз мақсатта пайдаланатын жеке тұлғалардың күдікті әрекеттерін анықтау бойынша әдістемелік ұсыныстар әзірлеп, қаржы ұйымдарына жолдады.
«Алдын алу шараларын қолдану мақсатында екінші деңгейлі банктердің комплаенс қызметінің қызметін бағалау әдістемесіне жіберілген күдікті транзакциялар үлесін анықтауға бағытталған «DROP карталарын пайдалануға байланысты операциялар» жаңа көрсеткіші енгізілді», – деді Премьер-Министр.
Қаржы ұйымдары мен мемлекеттік органдар арасында жедел ақпарат алмасу платформасы іске қосылады
Оның айтуынша, шілде айында Қазақстанда жалған транзакцияларға жедел ден қою үшін қаржы ұйымдары мен мемлекеттік органдар арасында жедел ақпарат алмасу платформасы іске қосылады. Оған барлық банктің ақпараттық жүйелері тартылады. Сондай-ақ жүйеге төлем ұйымдары, Ішкі істер министрлігі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Бас прокуратура және ұялы байланыс операторлары қосылады.
Сонымен қатар киберқылмыспен және интернет-алаяқтықпен күресті күшейту мақсатында қосымша штат бөлу арқылы Ішкі істер министрлігі құрамында киберқылмыспен күрес жөніндегі дербес департамент құру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда бұл мәселе мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп, Үкіметте қаралып жатыр.
Материалдық-техникалық жарақтандыруды нығайту шаралары да қолға алынуда
2023 жылы 133,8 млн теңгеге бағдарламалық қамтамасыз ету сатып алынды. 2024 жылы 146 млн теңгеге бағдарламалар мен ұйымдастыру техникасын сатып алу жоспарлануда. Бұл ақша аппараттық және бағдарламалық жүйелерге лицензияларды, сондай-ақ интернеттегі ашық көздерден мониторинг пен іздеуге арналған бағдарламалық қамтамасыз етуге жұмсалады. Бұған қоса мобильді құрылғылардан цифрлық ақпаратты түсіру және ішінара шифрын ашу, бұлттық қызметтерге бағытталады.
«Сандық деректерге сот сараптамасын жүргізу үшін мамандандырылған компьютерлер де сатып алынды. Қаржылық мониторинг агенттігі жанынан цифрлық активтерді пайдалануға байланысты қылмыстарды анықтауға және жолын кесуге бағытталған мамандандырылған бөлімше құрылды», – деді премьер-министр.
Сонымен қатар қосымша цифрлық қауіпсіздік мақсатында екінші деңгейлі банктермен және базалармен биометриялық сәйкестендіруге қойылатын талаптарды күшейту жұмыстары жүргізілуде.
Қазір айыппұл мөлшері 1,2 млн теңге
Еске сала кетсек, қазір Қазақстанда дербес деректерге қатысты заңнаманы бұзғандарға 1,2 млн теңге айыппұл салынды.
Бұған дейін, депутат Нұртай Сабильянов дербес деректерді қорғауда мемлекеттік бақылау болмағандықтан, көптеген азаматтың жеке деректерінің заңсыз таралу жағдайы жиі тіркелетінін айтқан. Ол мысал ретінде медициналық ақпараттық базасынан, Бас прокуратураның ақпараттық жүйесінен мәліметтердің таралып кету жағдайын келтіріп, заңға өзгеріс енгізу осындай келеңсіздіктердің алдын алуға көмектесетінін алға тартып, заңның енгізілуін қолдаған.
Цифрлық даму министрлігі былтырғы қазанда азаматтардың құпиялылығына және олардың дербес деректерінің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірген 8 Telegram-бот бұғатталғанын хабарлады.