«Президенттің жарлығынан Жоғарғы сот төрағасының бұйрығы маңызды болғаны ма?»: депутаттар соттың шешіміне наразылық көп екенін айтты
Бүгінде сот жүйесі, оның ішінде Жоғарғы соттың шешімдеріне халықтың ашу-ызасы өте көп. Өйткені соттың шешімдері көп жағдайда халыққа түсініксіз. Осылай деп мәлімдеген Мәжіліс депутаты Ерлан Саиыров сот шешімдеріне наразылық көп екенін айтып, жүйені сынға алды. Ал Еділ Жаңбыршин Президент Жарлығымен отставкаға кетіп, артынша Жоғарғы сот төрағасының бұйрығымен қызметке қайта алынған судьяларды әрекетіне көңілі толмады.
Депутаттың айтуынша, Жоғары соттан әділеттілік таба алмағандар көбіне Мәжіліске келіп көмек сұрауға мәжбүр.
«Бұл заң арқылы кассациялық қараудың алдында алдын ала қарау кезеңін алып тастау ұсынылып отыр. Дәл осы мәселе азаматтардың ашу-ызасын тудыратын. Өйткені Жоғарғы соттан әділеттілік таба алмаған азаматтар бізге, Мәжіліске, Президент әкімшілігіне келіп жүгінді. Қазір мұндай азаматтар өте көп. Нақты сұрағым – осы заң қабылданғаннан кейін, азаматтардың Жоғарғы сотқа шағымдары тоқтай ма, әлде жалғаса бере ме?! Өйткені, шынын айту керек. Жеке билік тармағы болса да, бүгінгі таңда сот жүйесіне және ең негізгісі Жоғарғы соттың шешімдеріне халықтың ашу-ызасы өте көп. Себебі соттың шешімдері көп жағдайда халыққа түсініксіз. Сондықтан біз әділеттілікті орнатымыз ба, әлде бұрынғыдай халықты әуреге сала береміз бе?» – деп сұрады ол.
Үнзила Шапақ әріптесінің көтерген мәселесімен келісетінін және заң жобасында істі алдын ала қарау немесе іріктеу кезеңі алынып тасталғанын мәлімдеді.
«Жалпы бұл не үшін істеліп жатыр? Біз неге азаматтардың наразылығына тап болдық» деген сұрақ туындайды. 2016 жылы 5 сатылы сот төрелігінен 3 сатылы сот төрелігіне көшкен кезде кассация айтарлықтай қысқартылған болатын. Мемлекет басшысы атап өткендей, қазір жалпы істің 5 пайызы ғана кассациялық сатыға жетіп отыр. Осы тұрғыда халықтың, азаматтардың көтеріп отырған мәселесі осы, қолжетімділік жоқ. Сондықтан біз қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға толыққанды кассация сатысын ұсыну мәселесін көтеріп, жаппай кассацияға жіберуді ұсынып отырмыз», – деді Шапақ.
Депутаттың жауабын Жоғарғы соттың Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов толықтырды. Ол кейбір жағдайда халықтың көңілі соттың шешіміне толмай жататынын мойындады.
«Жалпы кассация қажет. 2016 жылы қабылданып, заңға енгізілген өзгерістер мен қолданыстағы заңдар кассациялық істердің (сотқа) келуін шектейді. Сондай-ақ судьялардың азаматтық істер бойынша, мысалы, дара үштікпен қаралған облыстық соттың актілеріне баға беруі үнемі сынға ұшырайды. Оны біз мойындаймыз. 2016 жылғы реформа тиімсіз жерін көрсетті. Соны дұрыстау керек. Жалпы кассация өткен кезде барлық іс алқа мен үштікпен, яғни ең кемінде 3 судьямен қаралады. Алдын ала тыңдауды қылмыстық және азаматтық істерден алып тастаймыз. Қазір бізде (бұл норма) әкімшілік істерде қолданыста бар», – деді Жоғарғы сот өкілі.
Бұдан бөлек Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Президент Жарлығымен отставкаға кетіп, Жоғарғы сот төрағасының бұйрығымен алты ай қызметке қайта алынған судьялардың мәселесін көтерді. Жаңбыршин Президенттің жарлығының үстінен бұйрық шығарған заңгерлердің өзі, заңды бұзып отырғанын айтады.
«Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшымыз «біз енді әділ Қазақстан тұрғызамыз» деп, алдымызға мақсат, міндет қойды. Осы жердегі депутаттар да осы мәселені 100 пайыз қолдайды. Қазіргі жасалып жатқан заң жобалары мен шешімдер соған бағытталған. Ол ешкімге жасырын емес. Егер әділ сот болмаса, біз қоғамда қалай әділеттік орнатамыз? Үкімет әділ жұмыс істесін, Парламент әділ жұмыс істесін. Егер сот әділ шешім шығармайтын болса, біздің ісімізден ешқандай нәтиже шықпайды»,- деді Мәжілісмен.
Мәжілісмен сот жүйесіндегі проблемалар әлі күнге дейін шешілмей келе жатқанын, оның жабық мекемеге айналғанын айтып шүйлікті.
«Егер біз әділдік іздеп келген азаматтарды қабылдап, олардың мәселесін мына жерде шешпейтін болсақ, ол солай жалғаса береді. Әлі күнге дейін әділдік іздеп, бұрынғы «Ескі Қазақстанда» әділетсіз шешім жасаған адамдар мәселені шеше алмай әлі күнге дейін жүр»,- деді ол.
Сондай-ақ Еділ Жаңбыршин отставкаға кеткен судьяның біржола отставкаға кетуін талап етті.
«Егер президент өзінің жарлығымен отставкаға жіберетін болса, неге біз оны бұйрықпен қайта қабылдауымыз керек? Бұл Конституцияға қайшы. Ол Жарлықпен кетті ме, Жарлықпен келсін. Бізде кейбір резонанс болған мәселелерді сондай соттармен шешім жатқаны туралы ақпарат бар. Бұл қалай болғаны? Президенттің Жарлығынан Жоғарғы сот төрағасының бұйрығы маңызды болғаны ма? Әлде одан жоғары ма? Бұл дұрыс емес. Оған ешқандай аргумент жоқ. Сіздердің судья жетіспейді деп айтып отырған аргументтеріңіз дұрыс емес. Егер жетіспесе, онда дайындаңыздар. Неге резерв жасамайсыздар? Сот жетіспейді деп Президенттің Жарлығынан биік шешім шығарасыздар ма? Сендер Конституцияны бұзып отырсыңдар ғой… Жалпы процедураны бұзып отырсыңдар. Заңгерлердің өздері заңды бұзып отыр. Олай болса, бәріміз заңды бұзып, бұйрық жасап отыра берейік,»- деді депутат.
Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары кейбір заңнамалық актілерге сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заңда Әділет органдарының сот орындаушыларының қаулысын жою құқығына ие болуы туралы айтылған.
Сонымен қатар, елімізде үш бірдей тәуелсіз кассациялық сот құрылады.