Қазақстанда іс жүргізу түрлері бойынша тәуелсіз үш бірдей кассациялық сот құрылатын болады. Оның барлығы да Астана қаласында құрылады.
Мәжілістің жалпы отырысында сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша құжатты таныстырған Үнзила Шапақ кассациялық сатыны жетілдіру мәселесін көтерді.
«Сот ісін жүргізу мәселесі ең өткір, күрделі және өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Сот төрелігін жүзеге асырудың сапасы мен азаматтардың соттарға деген сенім деңгейі әр сот сатысы жұмысының тиімділігіне тікелей байланысты. Кассацияның бүгінгі моделі азаматтар мен заң қоғамдастығы өкілдері тарапынан елеулі сынға ұшырап отыр», – деді депутат.
Депутатың сөзінше, азаматтық және қылмыстық iстер бойынша кассациялық өтiнiшхаттарды алдын ала қараудың тәртiбi мен шарттары әртүрлi. Мәселен, азаматтық істер бойынша судья азаматтардың өтінішхаттарын алқалы қарауға беру туралы шешім қабылдайды.
«Қылмыстық істер бойынша тек 2023 жылдың шілдесінен бастап кассациялық өтінішхаттарды алқалы алдын ала қарауға көшу жүзеге асырылды. Бірақ бұл тәртіп де жетілдірілмеген, себебі бір «үштік» судьяларды тапсырады, ал екінші «үштік» судьялар істі мәні бойынша қайта қарайды және өз әріптестерін қолдамауы мүмкін, бұл процеске қатысушылардың наразылығын тудырады. Мұндай шағымдар тек әкімшілік әділет бойынша жоқ, өйткені «жаппай кассация» жұмыс істейді»,- деп түсіндірді ол.
Заң жобасы бастапқыда Жоғарғы Сотта қылмыстық және азаматтық істер бойынша істерді алдын ала қарауды алып тастауды ұсынды.
«Барлығы «жаппай кассация» қағидаты бойынша жұмыс істеуі тиіс, яғни істер бірден кемінде 3 судьядан тұратын құрамның қарауына түсуі тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Жоғарғы Сот кәсіпкерлермен және заң қоғамдастығымен дербес кассациялық саты құру мәселесі бойынша консультациялар раундын, яғни кездесулер өткізді. Қорытындылары бойынша дербес кассациялық сатының жаңа моделі ұсынылды. Сөз елордада қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша 3 кассациялық сот құру туралы болып отыр» ,- деді Үнзила Шапақ.
Мәжілістегі заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашеваның айтуынша, Жоғарғы соттағы кассациялық сатының қазіргі үлгісі азаматтардың сұранысын толық қанағаттандырмай отыр.
«Қазір азаматтық істер бойынша түскен шағымды бір судья қарап, оны үштікке беру немесе бермеу туралы біржақты шешім қабылдайды. Салдарынан азаматтық және қылмыстық істердің тек 5%-ы ғана кассациялық қайта қарауға жетеді. Жаңа модель елордада үш кассациялық сотты, яғни қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша соттарды құруды көздейді», — деді депутат.
Осы заң жобасын пысықтаған жұмыс тобының қарауына мынандай ұсыныстар енгізілген:
- кассацияға істер алдын ала қараусыз үш судьядан тұратын алқаға тікелей түсетін болады;
- кассациялық сотта істерді қарау мерзімі 6 айдан аспайды;
- сот процесі тараптарды шақыра отырып, ауызша жүргізіледі.
Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары кейбір заңнамалық актілерге сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заңда Әділет органдарының сот орындаушыларының қаулысын жою құқығына ие болуы туралы айтылған.