Жаңалықтар

«Семей орманы» табиғи резерватындағы қызметкерлерге үстемақы төленбеген — депутат

Депутат «Семей орманы» мекемесіндегі проблеманы атады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов         

«Семей орманы»  мемлекеттік орман табиғи резерватының» 1500-ге жуық қызметкері сауықтыру жәрдемақыларын ала алмай келеді. Сонымен қатар жүргізушілер, радиобайланыс операторлары, тракторшылар, өндірістік және әкімшілік үй-жайларды жинаушылар және тағы басқаларына үнемдеудің жоқтығынан үстемақы толық төленбей отыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында  депутат Нұртай Сабильянов айтты.

Сабильянов «Семей орманы» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлеріне үстемақы төлеу, әлеуметтік қорғау шараларын жетілдіру мәселесін көтеріп, Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына сауал жолдады. 

«Біріншіден, техникалық персоналға үстемақы төлеу мәселесі. ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына сәйкес ҚР мемлекеттік орман шаруашылығы қызметкерлеріне денсаулыққа және өмірге зиян келтіру қаупінің төнуіне байланысты жұмыс үшін 100%-ға дейін қосымша үстемақы беру қарастырылған.  Алайда «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» республикалық мемлекеттік мекемесінің техникалық персоналдарына – жүргізушілер, радиобайланыс операторлары, тракторшылар, өндірістік және әкімшілік үй-жайларды жинаушылар және тағы басқаларына (№ 131 ерекшелік қызметкерлеріне) үнемдеудің жоқтығына байланысты үстемақы толық төленбей отыр. Бұл мәселе шешімін табу керек», – деп мәлімдеді депутат.

Екіншісі – ауылдық жерлерде жұмыс істегені үшін 25% қосымша ақы қосу мәселесі. Депутат мәлімдегендей, ауылдық жерлерде табиғатты қорғау функцияларын жүзеге асыратын лауазымды адамдарға 25%-дан кем емес үстемақы төленуі тиіс.

«Абай облысы әкімдігінің 2023 жылғы 7 ақпандағы № 32 қауылысына сәйкес басқарушы персонал және негізгі персоналға кіретін лауазымдар тізбесі бекітілген. Оған табиғат қорғау мекемелерінің мамандары мен қызметкерлері, ауылдық жерлерде табиғатты қорғау функцияларын жүзеге асыратын лауазымды адамдар санаты енгізілмеген. Осы санатты аталған қаулыға енгізу қажет»,-деді ол.

Депутат көтерген тағы мәселенің бірі – қызметкерлерге сауықтыру жәрдемақыларын төлеу. Оның айтуынша, Еңбек Кодексіне сәйкес мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын азаматтық қызметшілерге лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлеу қарастырылған. Бірақ «Семей орманы» мемлекеттік мекемесінің техникалық персонал санатына кіретін 1500-ге жуық қызметкер осы жәрдемақыны ала алмай отыр.

«Осы орайда «Семей орманы» мекемесінің техникалық персоналына үстемақы төлеу, сауықтыру жәрдемақыларын беру және олардың медициналық оңалту ұйымдарында емделуін қамтамасыз ету қажет. Ауылдық жерлерде табиғатты қорғау функцияларын жүзеге асыратын қызметкерлерге 25% қосымша ақы қосу, сондай-ақ орман шаруашылығы қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын сақтандыру мәселелерін қарастыруды сұраймын», – деді депутат.

Орман өрт сөндіру бекеттерінде жұмыс істейтіндер жалақысы

2023 жылы тамыз айында «Семей орманы» резерватының қызметкерлері наразылық танытып, басшылықтан еңбекақыны 70%-ға көтеруді талап еткен болатын.

Биыл ақпан айында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мемлекеттік орман күзеті қызметкерлерінің орташа жалақысы 129 мыңнан 250 мың теңгеге дейін өскенін мәлімдеді.

Семей орманындағы өрт

Еске сала кетсек, 2023 жылы 8 маусымда «Семей орманы» МОТР» РММ аумағында үлкен өрт шығып, оны өз күштерімен сөндірмек болған 14 орманшы опат болған еді.

11 маусымда Президент Бас прокуратураға өртті жою бойынша уәкілетті органдардың іс-әрекетіне баға беруді тапсырды. Кейін Бас прокуратура немқұрайдылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанда соңғы уақытта орман өртінің жиілеп кетуіне ескі техниканың себеп болғанын айтты. Министрдің айтуынша, өрт сөндіруде орманшылар 1971 жылғы техниканы қолданады. Өртке табиғатты қорғау және орман шаруашылығы мекемелерінің техникамен лайықты деңгейде қамтамасыз етілмеуі себеп болған. Нысанбаев мекемелердің 70% ғана қамтамасыз етілгенін айтты. Ал қолданыстағы техниканың 60%-дан астамы есептен шығаруға жатады. Мысалы, Семей орманында 65 өрт сөндіру машинасының 30 машинасы 1971-2003 жылдар аралығында шығарылған. Сонымен бірге 1974 жылы шыққан ГАЗ-66 мен 1973 жылы шыққан Урал-375 көлігі пайдаланылатыны айтылды. 

2024 жылдың 13- мамырында «Семей орманы» резерватында болған өртке екі адам кінәлі деп танылып, әрқайсысына 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.