АҚШ нарығында құлдырау бола ма, Қытай мен ЕО арасындағы сауда соғысы, Ұлыбританиядағы инфляция

Жарияланды
БАҚ шолуы / Shutterstock

State Street Associates болжамы бойынша, көптеген акцияның асыра бағаланғанына қарамастан, АҚШ қор нарығының құлдырау ықтималдығы қазір орташа деңгейден төмен. Сарапшылар асыра бағаланған қағаздарды нақты құнына қайтару бір сәтте күрт құлдырау жолымен емес, ұзақ уақыт бойы төмен көрсеткіштерге шығу арқылы жүзеге асады деп санайды. Қытай еуропалық автомобильдерге шектеу салығын енгізуге дайындалып жатыр. Ал Ұлыбританиядағы инфляция 2% мақсатты деңгейге дейін төмендеді. Осы және басқа тақырыптар туралы 19 маусымдағы әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.

State Street Associates АҚШ қор нарығының құлдырау ықтималдығы төмен деп бағалайды

Market Watch хабарлағандай, АҚШ қор нарығының құлдырау ықтималдығы қазір орташа деңгейден төмен. Гарвард университетінің профессоры Робин Гринвудтің зерттеулеріне негізделген State Street Associates болжамдарына сәйкес, алдағы екі жыл ішінде нарықтың 40%-ға төмендеу ықтималдығы 18%-ды құрайды. Бұл орташа тарихи көрсеткіштен, яғни 26%-дан төмен.

Бұл қорытындыны жоғары технологиялар секторына да қатысты деуге болады. Кейінгі уақытта бұл салада табыс қарқындап өсіп, бірқатар сарапшы жасанды интеллект (ЖИ) секторы нарықтағы үлкен көпіршікке айналды деп жүр.

State Street Associates моделіне сәйкес, нарықтағы екі жылдық айнымалы бағалар өсімі 100% болған кезде, құлдырау ықтималдығы 50%-ға жақын. Баға өсімі 150% болғанда, «құлдыраудан қашып құтыла алмайсыз». S&P 500 индексі соңғы екі жылда 48,9% жиынтық табыс әкелді. Бұл 100%-дан әлдеқайда аз.

Осының бәрі АҚШ қор нарығының қиындықтарға тап болмайды деген сөз емес. Біріншіден, көптеген акция шамадан тыс асыра бағаланған деп атап өтті State Street Associates зерттеуінде. Нарықта жоғары бағамен күресудің түрлі жолы бар, құлдырау – солардың бірі ғана.

State Street Froth Forecasts болжамына сенсек, нарық асыра бағаланған активтерді қайта бағалауға құлдырау жолымен емес, ұзақ уақыт бойы төмен көрсеткіштерге шығу арқылы келеді. Уақыт өте келе акцияларды нақты құнына қайтаратын болады, бір сәтте күрт құлдырау болмайды.

Қытайдың автокөлік өндірушілері ірі еуропалық автомобильдерге 25% салық енгізуді талап етті

Bloomberg ақпараты бойынша, Қытайдың автокөлік өндірушілері ел билігінен осы салада «ең қатаң шаралар» қолдануды, соның ішінде Еуропалық Одақтың қозғалтқыштары үлкен автокөліктеріне 25% салық салуды талап етті. Бұл талап – Брюссельдің Қытайда шығарылған электромобильдерге енгізген тарифтеріне жауап. Компаниялар бұл талапты Қытай сауда министрлігімен өткен жабық кездесуде алға тартты. Кездесуге төрт қытайлық, алты еуропалық автокөлік компаниясы, сондай-ақ өнеркәсіптік және зерттеу ұйымдары қатысқан.

Global Times басылымы мамыр айында Бейжің қарымта шаралар әзірлеп, көлемі 2,5 литрден асатын қозғалтқышы бар автокөліктерге салықты көтеретінін жазған. Өткен аптада Еуропалық Одақ қытай электромобильдеріне тарифтерді 10%-дан 48%-ға дейін көтеруді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. 2023 жылы ЕО-да сатылған электромобильдердің бестен бірі Қытайда шығарылған. Transport & Environment лоббистік тобының болжамына сәйкес, 2024 жылы олардың үлесі 25%-ға дейін өседі.

Fitch: Қытай Халық банкі биыл мөлшерлемелерді төмендетпейді

Fitch рейтинг агенттігі Қытайға қатысты болжамын өзгертті. Енді Қытайдың Орталық банкі биыл пайыздық мөлшерлемені төмендетеді деп күтпейді деп хабарлайды CNBC. Сарапшылардың пікірінше, Қытай биыл орта мерзімді несие беру бағдарламасын (MLF) 2,5% деңгейінде өзгертпей сақтап, оны 2025 жылы 2,25%-ға дейін азайтады.

Fitch бұл шешімді АҚШ-тағы мөлшерлеменің жоғары болып тұрғанымен түсіндіреді. Бұған қоса Қытай Халық банкі (ҚХБ) долларға айырбас бағамына қатысты алаңдап отыр деп санайды Fitch Ratings-тің Азия-Тынық мұхит аймағындағы егемен рейтингтер бөлімінің бастығы Джереми Зук. Сонымен қатар ҚХБ банктердің таза пайыздық маржасының төмендігіне де алаңдап отыр.

Сәрсенбі, 19 маусымда, Қытай реттеуші органының басшысы Пан Гуншэн өз сөзінде ақша-несие саясатының «қолдаушы сипатта» болып қала беретінін айтты.

Ұлыбританияда инфляция 2% мақсатты деңгейіне дейін төмендеді

Ұлыбританиядағы инфляция мамыр айында жылдық 2% мақсатты деңгейіне жетті деп жазады Reuters. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың қазанында ең жоғары деңгейге жетіп, 11,1% болған. Инфляцияның төмендеуіне ең әуелі азық-түлік бағасы әсер еткен. Баға, іс жүзінде, көтерілмеген. Ал қызмет көрсету саласында базалық баға қысымы сақталып отыр, мамыр айында 5,7%-ды құрады. Бұл көрсеткіш сәуір айындағы 5,9%-дан төмен. Бірақ экономистердің болжамынан (5,5%) жоғары.

Қызмет көрсету құны өсіп еді, енді негізгі мөлшерлемені 4 шілдеде өтетін парламенттік сайлауға дейін төмендететіні екіталай деп есептейді RBC Capital Markets Ұлыбритания бойынша аға экономисі Катал Кеннеди. Бұған қоса, Англия банкі инфляцияның мақсатты деңгейге оралуының монетарлық саясатты жеңілдетуге жеткіліксіз екенін мәлімдеді.

«Мөлшерлемелерді белгілейтін шенеуніктерге әлі де жалпы инфляцияның төмендеуін жалақының өсуімен салыстыру қажет болады», – деп атап өтті Британия өнеркәсіп конфедерациясының бас экономисі Мартин Сарториус.

Жеке сектордағы жалақы соңғы үш айда жылдық мәнде 5,8%-ға өсті. Reuters-тің өткен аптада жүргізген сауалнамасына қатысқан экономистің көбі орталық банк мөлшерлемені 16 жылдағы ең жоғары көрсеткіш – 5,25%-дан төмендетуді тамыз айында бастайды деген еді. Алайда қаржы нарықтарының өкілдері мөлшерлеменің тамызда төмендеу ықтималдығы 30% ғана деп санайды. Бұл бағытта алғашқы қадам қыркүйек немесе қараша айында жасалуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз