БҚО, Атырау, Маңғыстау облыстарының әкім және Энергетика министрі болған Нұрлан Ноғаев енді елшілік қызмет атқаратын болады. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлан Асқарұлы Ноғаев Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды», – деп жазылған хабарламада.
Еске сала кетер болсақ, Нұрлан Ноғаев осыған дейін атқарған қызметі – Маңғыстау облысы әкімі лауазымынан 16 мамырда босаған еді. Ол өңірді 2021 жылдан бері басқарып келді.
Ноғаев еңбек жолын Ақтөбе облысы Октябрьск қаласының Қандыағаш станциясында электромонтер болып бастаған. 2006 жылдан бастап маңызды мемлекеттік қызметтерді атқарып келеді. Ол «ҚазМұнайГаз «Ұлттық компаниясының» атқарушы директоры, Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің мұнай өнеркәсібі департаментінің директоры болған.
2012 жылдың 20 қаңтарында Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. 2016 жылы Атырау облысының әкімі, 2019 жылы Энергетика министрі болды.
2021 жылдың 7 қыркүйегінен бастап Президент жарлығымен Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалды.
Негізінен Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қаласының тумасы. Тау-кен инжинері және іскерлік әкімшілік мамандықтарын тәмамдаған.
2023 жылы Маңғыстау облысының әкімі болып тұрған тұста Нұрлан Ноғаев өңір басшылары рейтингінде көшбасшы болған.