Банк пен қаржы

Қазақстан банктері 5 айда 1 трлн теңгеге жуық кіріс алған

1 трлн теңгеге
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Қазақстан банктері 2024 жылдың 5 айында 975,4 млрд теңге жиынтық кіріс алған. Қаржы ұйымдарының таза табысы кейінгі бір айда 25,5% өсіп, 776,7 млрд теңгеден 975,4 млрд теңгеге жеткен Бұл жайында Ұлттық банктің Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердің кірісі мен шығысы жөніндегі жиынтық есебінде жазылған.

Бес айда банктердің жалпы кірісі 28,6%-ға өсіп, 19,5 трлн теңгеге жетті. Кірістің басым бөлігі қайта бағалау (14,8 трлн теңге) және клиенттермен операциялардан (2,05 трлн теңге) түскен табысқа тиесілі.

Қаржы ұйымдарының жалпы шығыны мамырдың аяғында қаңтар-сәуірмен салыстырғанда шамамен үштен бір есе өсіп, 18,53 трлн теңгеге жетті. Шығынның негізгі бөлігін қайта бағалау (14,81 трлн теңге) және клиенттермен операциялар бойынша (1,23 трлн теңге) шығыстар құрайды.

Банктердің сыйақы төлеуге байланысты кірістер жиынтығы 2,8 трлн теңгені құраса, сыйлақы төлеуге байланысты шығыны – 1,6 трлн теңге.

Есепке сүйенсек, банктердің 5 айдағы кірісі мен шығысының айырмасы 1 трлн теңгеге жетіп қалған. Cәуір айының нәтижесінде елдегі банктер жалпы сомасы 776,7 млрд теңге таза пайда алса, 1 маусымдағы жағдай бойынша 975 млрд теңгеге тең.

Қазіргі кезде банктердің жалпы актив жиынтығы 53,3 трлн теңгені құрайды. Айма-ай салыстырғанда 1,8 пайызға өскені байқалады. Осы активтердің 28,8 трлн теңгесі – клиенттерге қойылатын талаптар. Әділ құны бойынша басқа да жиынтық кіріс арқылы есепке алынатын бағалы қағаздар құны 7,2 млрд теңге болған. 5,7 трлн теңгесін Ұлттық банккке қойылатын талаптар құрайды.

Ал міндеттемелері 45,9 трлн теңгеге жеткен. Бір айдың ішінде 800 млрд теңгеге өскен. Соның 36,4 трлн теңгесі – клиенттер және басқа да кредиторлар алдындағы міндеттемелер. Капиталы 7,4 трлн теңгеге тең.

Еліміздің екінші деңгейлі банктері 2023 жылы 2,2 трлн теңге таза пайда тапқан болатын

Өткен айдағы статистика бойынша, банктердің арасында сәуір айында Halyk Bank ең көп пайда тапты – 241,4 млрд теңге немесе жалпы кірістің үштен бірі. Ай сайынғы көрсеткіш 49,2%-ға өсті.

Екінші орында 153 млрд теңге табыспен Kaspi Bank тұр. Оның көрсеткіші 35,4%-ға өсті. Осы екі банктің табысы сәуірде сектор табысының 50%-ын құрады. Сәуірдегі ең аз табыс «Заман-банкке» тиесілі – небәрі 69,3 млн теңге. Бұл ретте қаржы ұйымы табысы алдыңғы айға қарағанда 5,8 есе (наурыздың аяғында 401,8 млн теңге) азайды.