Жаңалықтар

Қарыз 2,1 млрд теңгеге жеткен: Алматыда борышкерлер ыстық судан ажыратылады

ыстық
Борышкерлер ыстық судан ажыратылады. Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы тұрғындары ыстық су мен жылуға жалпы сомасы 2,1 млрд теңге қарыз. Алматының коммуналдық қызметтері су мен жылу ақысын төлемеген абоненттерден сот арқылы қарызын өндіріп алмақ. Ал қарызын толық өтегенше, үйіндегі ыстық суы өшіріледі.

Әкімдіктің хабарлауынша, күн сайын мамандар «Алматы жылу жүйесіне» қарызы бар ондаған борышкердің үйіндегі ыстық суын өшіріп жатыр. Коммуналдық ақыны екі айдан аса кешіктірген адам борышкер қатарына кіреді. Коммуналдық қызметтер алдымен қарызды өтеу туралы хабарлама жібереді. Тұрғын сонда да қарызын төлемесе, онда басқа шаралар қолданылады.

«Борышкерлерге ыстық су беруді шектеу – бұл еріксіз қолданылып отырған шара. Кәсіпорын мұндай шараға баруға мәжбүр, өйткені тұтынушылардың жылумен жабдықтау қызметтерін төлемеуі алдағы жылыту маусымына толық дайындық жасау мен маусымнан қолайлы өтуді қамтамасыз етуге кері әсерін тигізіп жатыр», – делінген хабарлама.

2024 жылдың басынан Алматыда төленбеген жылу энергиясы үшін 1610 абонент өшірілген. Бүгінге дейін компанияға жылыту мен ыстық су үшін төлем жасамаған 1212 тұтынушының активтері, 355 банктік есепшот бұғатталған, Коммуналдық ақыны уақытында төлемеген 165 азаматқа Қазақстаннан шығуға тыйым салынды.

Соттың талап-арыздарын қанағаттандыру арқылы тұтынылған жылу үшін берешекті өндіріп алу оның жылжымалы және жылжымайтын мүлкін, көлік құралдарын, банктік шоттарын бұғаттауды, республикадан тысқары жерлерге шығуына шектеулер енгізуді, іс–әрекеттің барлық түрі бойынша лицензияларының қолданылуын және мемлекеттік органдардан құжаттарды ресімдеуді тоқтата тұруды көздейді.

Сонымен қатар қолданыстағы заңнамаға сәйкес, коммуналдық қызметте қарызы бар-жоғы несие алар кезде де ескеріледі.

2023 жылы жылыту маусымына дайындық  аясында Алматы қаласының табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламасы бойынша («АлТС» ЖШС, «Алматы Су» МКК, «АТЭС» ЖШС) және жергілікті бюджет есебінен 30 млрд теңге бөлінді.

2024-2025 жылдарға жылыту маусымына дайындыққа 35 млрд теңге бөлінді. 2025 жылы қосымша 32 млрд теңге бөлу жоспарланған.