Еуропалық Одақтың қытай электр көліктеріне қатысты тергеуі басталғалы, Еуропада қытайлық көліктердің сатылымы төмендеп кеткен

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Еуропада қытай көліктерінің сатылымы төмендеген, Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Еуропа Одағының қытай электркөлігіне қатысты тергеуі Еуропада қытай көліктерінің сатылымы төмендеуіне әсер еткен. Сонымен қатар Еуропаға инвестиция салуға қатысты сенімге селкеу түсірген. Бұл туралы Reuters агенттігі Қытай Сауда палатасы мен ҚХР Экономикалық ақпарат қызметі жүргізген сауалнама нәтижесіне сілтеме жасай отырып жазады.

Сауалнамаға сәйкес, автомобиль және өнеркәсіп компанияларының 82%-ға жуығы ЕО үкіметінің субсидияларды тексеруі, олардың жақын болашақта Еуропаға инвестиция салуға деген сеніміне нұқсан келтіргенін айтты. Бұл ретте респонденттердің 73%-ы тергеудің салдарына Еуропа нарығында қытайлық автокөлік брендтерінің сатылымы төмендегенін жектізген.

Тергеу қытайлық брендтердің еуропалық серіктестермен жұмысына да кері әсер еткен. Көпшілігі әріптестікті кейінге шегеріп, бірқатары байланысын үзген. Reuters агенттігі Еуроодақтың тергеуі Қытай көліктерінің Еуропадағы имиджіне нұқсан келтіріп, серіктестер тартуды қиындатқанын атап өтті.

Сауалнама сонымен қатар қытайлық өндірушілер әлі де Еуропаны негізгі стратегиялық нарық ретінде қарастыратынын байқатқан. Олардың басым бөлігі алдағы бес жылда Еуропада зауыт ашуды жоспарлап отыр.

Бұған дейін Еуропалық Одақ Қытайдың электр көліктеріне импорттық салықты көтеретінін хабарлады. Оған Қытай билігі автоөндірушілерге мемлекеттік субсидиялар береді деген күдік әсер етті. Өзгеріс шілде айынан бастап енгізілмек. Кейбір көліктер үшін баж салығы 48%-ға жетеді. Transport & Environment мәліметтері бойынша, 2023 жылы ЕО-да сатылған электр көліктерінің төрттен бірі Қытайда жасалған.

Соған жауап ретінде қытайлық автоөндірушілер ел билігінен қозғалтқышының көлемі үлкен еуропалық көліктердің импортына 25%-дық баж салығын енгізуді сұрады.

ҚХР мемлекеттік кеден басқармасының мәліметінше, 2023 жылы «аспан асты елі» шетелге 1,54 млн электромобиль экспорттады. Нәтижесінде 34,12 млрд доллар табыс тапқан. Осылайша алғаш рет Жапонияны басып озды. Қытайдың жаһандық электромобильдер экспортындағы үлесі 2018 жылғы 4,2%-дан былтыр 35%-ға жеткен.

Сондай-ақ оқыңыз