Британдық Revolut финтех стартапы 20 шілдеден Қазақстандағы қызметін қысқартады. Бұл компанияның негізін Ұлыбритания азаматы Николай Сторонский мен украндық Влад Яценко қалаған. Стартаптың бұл шешімі жайлы компанияның клиенттеріне жіберілген хабарламасынан белгілі болды. Шешім қазақстандықтар пайдаланатын Revolut Lite есептік жазбасына әсер етеді.
«Бұл оңай шешім болған жоқ. Біз өнімді жаңа нарықтаққа шығара отырып, толық қызмет спектрін ұсынуға бағытталған стратегиялық шешім қабылдадық. Сондықтан біз қайтып оралған кезде Revolut ұсынысынанда жоғары нәрсе күтіңіз», – делінген компания мәлімдемесінде.
Тағы бір ай онлайн-банкинг қызметтерін пайдалануға болады. Бірақ содан кейін шотта тек криптовалюта жіберу және айырбастау қызметі қалады. Егер 20 тамыздан кейін теңгерім 1 USDC-ден (құны АҚШ долларына бекітілген орталықтандырылған стабилкоин) төмен түссе, қаражат шотты жабу және шотты жоюға жұмсалған комиссия ретінде есептен шығарылады.
Компания шотын жапқысы келетіндерге 20 шілдеге дейін ақша аудару функциясын қолданып, бүкіл криптоактивтерін алуға кеңес береді. Алдымен оларды USDC-ге айырбастау керек.
Былтыр ақпан айында британдық финтех стартапы Қазақстан нарығына шығу жоспарын жариялап, әртүрлі мүмкіндіктерді сынап жатқанын мәлімдеген. Содан кейін Revolut мобильді қосымшасында қазақстандық оператордың телефон нөмірінен тіркеу функциясы пайда болды. Алайда жаңа пайдаланушы компанияның қызметтер спектріне толық қолдана алмай, күту парағында тұрды.
Revolut-тың Қазақстандағы тұтынушылары 30 валютада транзакция жасау және 50-ден астам елге аударымдарды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін Revolut Lite қосымшасының нұсқасына пайдалана алады деп болжанған. 2022 жылдың соңында компания Әзірбайжанда осы үлгіні енгізген.
Алайда 2023 жылы Revolut Қазақстанда жұмыс істеу үшін банктік лицензия алуға өтініш бермегені белгілі болды. Revolut қазір Литва берген банктік лицензияны пайдалана отырып, ЕО-ның бірнеше елінде, сондай-ақ АҚШ, Австралия, Жапония және Әзірбайжанда жұмыс істейді. Компанияның штаб-пәтері Лондонда орналасқан.