Шығарылғанына 30 жыл болған 600 вагон бар: ҚТЖ ескі вагондардан 2030 жылы толық құтылмақ
«Қазақстан Темір Жолы» терезесі ашылмайтын, не желдеткіші, не биотуалеті жоқ ескі вагондардан 2030 жылға қарай толық құтылады. Бұл туралы ҚТЖ-ның еншілес ұйымы – «Жолаушылар тасымалы» АҚ Бас директоры Жәнібек Тайжанов айтты.
Тайжанов ҚТЖ иелігінде қолданылып келе жатқанына 28 жылдан асқан 600 вагон бар екенін айтады. Зауыттан шыққанына 30 жылға жуықтап қалған вагондар жеке тасымалдаушы компанияларда да бар. Бұл вагондар зауыттан шыққан кезде желдеткіш пен биотуалет орнатылмаған. Бас директордың айтуынша, компания 2030 жылы олардың бәрін есептен шығарып, ескі вагондардан құтылады.
«Олардың орнына жаңа вагондар алынып жатыр. Қазіргі кезде 150-ге жуық вагон сатып алынған. 157 вагонға келісімшарт жасалды. 2025 жылға қарай Штадлер жаңа вагондары келеді деп тосып отырмыз Нәтижесінде вагондарымыздың орташа қолданылған мерзімі 10-13 жылды құрайды. Яғни жолаушылар жақсы, жаңа вагондармен жүреді», – деді Бас директор.
Тайжанов 2030 жылға қарай қазақстандықтар тек жаңа вагонмен жүретініне сенімді.
Вагондар зейнетақы қорының қаржысына сатып алынады
2024 жылдың қаңтарында Ұлттық Банк «Бәйтерек» холдингінің облигацияларына 173 млрд теңге зейнетақы активтерін салған болатын. Бас банк бұл қаржы экономиканың нақты секторындағы ұзақмерзімді ірі жобаларды қаржыландыруға жұмсалатынын атап өтті.
Ал «Бәйтерек» холдингі тартылған қаражатты көлік инфрақұрылымы саласындағы жобаларына жұмсайтынын мәлімдеді. Атап айтқанда, жолаушылар және жүк вагондарының ескірген паркі жаңартылмақ.
Кейіннен бұл қаражатқа 3,3 мың вагон сатып алынатыны белгілі болды. Үкімет кулуарында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров әрбір жүк вагонының құны 30-35 млн теңге, ал жолаушылар вагонының құны 700-800 млн теңге болатынын мәлім еткен.
Вагондар қазақстандық «Зиксто» компаниясынан сатып алынады. Байбазаров отандық өндірісті қолдау үшін дәл осы компания таңдалғанын айтқан.
«ЗИКСТО» – квазимемлекеттік ұйым. Компания акцияларының 42%-ы «Қазақстан инжинирингке» тиесілі. Кәсіпорынның 2022 жылғы кірісі 16,9 млрд теңге, салыққа дейінгі пайда – 248 млн теңге болған. 2023 жылдың қыркүйегінде «ЗИКСТО» компаниясы жыл соңына дейін Петропавлдағы зауыт 35 млрд теңгеге өнім шығаруды жоспарлап отырғанын хабарлады. ҚТЖ-дан бөлек, зауыттың өнімдерін жеке компаниялар да сатып алады.
Қарызға батқан ҚТЖ
Жақында Жоғары аудиторлық палата ҚТЖ қызметіне жүргізген аудит қорытындысын жариялады. Жоғары аудиторлық палата басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, компания дефолт алдында тұр.
Өйткені ҚТЖ-ның өз міндеттемелерін толық төлеуге қабілеті жоқ және кредиттік тәуекелдің «қызыл» аймағына өткен. Оның борышы биыл жыл басында 2,9 трлн теңгеге жеткен және әлі де өсіп жатыр. Смайылов актив сапасы нашар, қарызы көп және оны уақытылы қайтару мүмкіндігінің болмауынан ҚТЖ дефолтқа ұшырауы мүмкін екенін айтқан.
Әлихан Смайыловтың сөзінше, 23 объектіде 3 трлн теңгені қамтитын аудит жүргізілген. Нәтижесінде 29 млрд теңгеге қаржылық заң бұзу мен 168 млрд теңгеге бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланғаны анықталған.
Сол күні ҚТЖ өзіне қарата айтылған сынға қатысты пікір білдіріп, көрсеткіштері жыл сайын жақсарып келе жатқанын мәлімдеді.
«Қазіргі таңда ҚТЖ-ның номиналды қарызы 2,9 трлн теңге, оның 30%-ы шетел валютасында. Жыл сайын көрсеткіштер жақсарып келеді. Үш жыл ішінде компанияның кірісі 2021 жылғы 1,3 трлн теңгеден 2023 жылы 2 трлн теңгеге дейін артып, тұрақты динамика көрсетті. 2023 жылдың қорытындысы бойынша пайда 134 млрд теңгені құрады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 4 есеге артық. Бұл компанияның соңғы 10 жылдағы ең жақсы көрсеткіші. Бұл ретте кәсіпорын барлық несиелік міндеттемесін уақытында өтейді», – деп хабарлады компания.
Дегенмен сарапшылар Қазақстанның теміржол саласына шұғыл реформа жүргізу керек деп тұжырымдайды. Олар Үкімет Қазақстандағы теміржол саласының мәселелерін шешу үшін нарықты монополиядан арылту қажетін алға тартып отыр.
Көлік инфрақұрылымын дамытудың 2010 – 2014 жылдарға арналған бағдарламасында қызмет көрсетудің тиімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған реформалар көзделген. Алайда ол орындалмады. Жеткізу тізбегін жаһандық қайта құрылымдау жағдайында теміржол көлігінің бәсекеге қабілеттілігін жасанды түрде шектеу елдің транзиттік мүмкіндіктерін шектеуге әкелуі мүмкін. Сарапшылар 2010 жылғы бағдарламада бекітілген мақсатты даму моделін енгізу арқылы нақты нарықтық реформаларға көшу қажеттігін атап өтеді.