Жаңалықтар

KASE индексі жыл басынан бері 21,8%-ға өскен: қазақстандық компанияларға инвесторлар қызығушылығы артты ма?

 KASE индексі
KASE индексі көтерілді Фото: kursiv.media архиві

Қазақстан қор биржасының KASE индексі психологиялық 5100 деңгейіне жетіп қалды. Жыл басынан бері индекс 21,8%-ға өскен. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сарапшыларының жазуынша, жергілікті инвесторлардың тәуекелге баруға деген құлшынысы артқан.

Оған шикізат бағасының қымбаттауы, теңге бағамының құнсыздануы, тоқсан аяғы мен корпоративтік сектордағы маңызды оқиғалар қарсаңында порфелдерін қайта құрылымдау әсер еткен. Өткен сауда күнінде индекс 5 099,1 пунктке(+1,04%) жеткен.

KASE индексі құрамындағы Қазатомөнеркәсіп (+2,2%), Kcell (+1,8%), Kaspi (+1,7%), Қазақтелеком (+1,4%) акцияларына инвесторлардың сұранысы жоғары болды.

Теңгенің жағдайы қандай?

Ұлттық қор қаржысы «Қазатомөнеркәсіп» акцияларына инвестицияланады деген хабардан соң, USDKZT жұбындағы бағам өзгерісі күрт қысқарған. Сәрсенбі күнгі сауда-саттықта USDKZT жұбының бағамы 1,61 теңгеге (сейсенбіде +5,09 теңге) өсіп, 1 доллар үшін 459,76 теңгені құрады. Бұл ретте сауда көлемі айтарлықтай төмендеп, $170,4 млн (-48,8 млн) дейін төмендеген. Қазіргі кезде сұраныс пен ұсынысы қалыптасып жатқандықтан, доллар/теңге бағамындағы өзгеріс айталықтай болмауы ықтимал. Бүгінгі сессияда USDKZT жұбы (10:33 ALA) бір доллар үшін Т459,05 деңгейінде саудаланып жатыр.

Мұнай бағасы қанша?

Алдыңғы екі сессия қатарынан қымбаттаған Brent мұнайы сәрсенбіде барреліне $85,1 (-0,3%) деңгейінде қалыптасқан. Дегенмен әлемдегі геосаяси тұрақсыздық мұнай бағасына жағымды әсер етіп жатыр. Бұл ретте бүгін мұнай трейдерлері АҚШ-тағы мұнай қоры туралы ресми мәліметтерді күтіп отыр. Сейсенбі күні Америка мұнай институты елдегі коммерциялық мұнай қорының 2,26 миллион баррельге артқанын хабарлады.