Ұмай ана, Бибәтима, Жезтырнақ: танымал зерттеуші қазақ мифологиясына ислам дінінің қалай әсер еткенін айтып берді

Жарияланды 20 Маусым 2024 09:20

Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media

коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қандай да бір этнос жаңа дінді қабылдағанда, ежелгі құдайлар демонология шеңберінде дәрежесі төмендеп, «шайтан, пері, жындарға» айналады деген пікірде. Бұл туралы мәдениеттанушы және қазақ мифологиясын зерттеуші Зира Наурызбай Qalam Global ұйымдастырған «Қазақ мифологиясындағы әйел бейнесі» атты дәріс барысында айтып берді. 

Зира Наурызбай бір кездері қоғам өмірінде маңызды орын алған ежелгі мифтердің ұзақ эволюциядан өткенін, өзгергенін және исламның келуімен қарапайым бола түсіп, фольклорға айналғанын атап өтті. 

Зерттеуші сөзінше, еуразиялық халықтардың бәрінде белгілі бір сипатта кездесетін «албасты» кейіпкері барын, ол бастапқыда әйел құдай міндетін атқарғанын айтады. Алайда исламның келуімен «албасты» туралы түсінік өзгерген. 

Фото: Евгений Ткаченко / Qalam

Дәріс барысында мәдениеттанушы жаңа діннің таралуымен бір мифологиялық кейіпкерді басқа бейне алмастыратынына қатысты мысалды да атап өтті. 

«Фатима – Мұхаммед пайғамбардың қызының есімі. Сондай-ақ түркі мұсылман халықтарының көбінде ол Ұмай ананың, яғни балалар мен жүкті әйелдерді желеп-жебеуші әйел құдайдың орнын басқан. Этнографтар әйел босанып жатқан сәтте бір аймақтарда «Менің қолым емес, Ұмай ананың қолы», екінші бір жерлерде «Менің қолым емес, Бибәтима ананың қолы» деп ырым жасайтынын айтады. Бұл жердегі «Бибәтима» – «Бибі Фатиманың» өзгерген түрі», – деді Зира Наурызбай.

Дәріс барысында Qalam Global авторы қазақ мифологиясындағы Ұмай ана, Мыстан кемпір, Жезтырнақ, Жалмауыз кемпір, От Ана, Көклен, Албасты, Пері секілді әйел бейнелері туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Кездесудің бір бөлігі қазақ эпостарында кездесетін әйел кейіпкерлерге арналды. 

Qalam Global – әлем тарихы мен мәдениетіне Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің көзімен қарайтын мультимедиялық жаңа жоба. Жобаға Қазақстан, АҚШ, Канада, Ұлыбритания және Ресейден келген халықаралық зерттеушілер тобы қатысады. Qalam жобасы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көреді.

Сондай-ақ оқыңыз