Жаңалықтар

ШҚО-дағы Назарбаев пен Ахметовтің резиденциясы сатылымға шығарылды. Енді ол туристік нысанға айналады

Ахметовтің бұрынғы резиденциясы 1,115 млрд теңге бағаланып отыр / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Шығыс Қазақстан облысындағы кезінде Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапары барысында тоқтап келген, кейін өңірдің бұрынғы әкімі Даниал Ахметов тұрған екі қабатты ғимарат сатылымға шығарылды.

Электронды сауда алаңында жарияланған құжатқа сүйенсек, сауда-саттық 3 шілде күні өтеді. Ал нысанның бастапқы бағасы 1,115 млрд теңге деп белгіленген. Объект базасында туристік-инвестициялық хаб құру жоспарланған.

Мүлікті әлеуетті инвесторға сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру көзделіп отыр. Ал алған адам жөндеу жұмыстарын жүргізіп, инженерлік желілердің жай-күйін тексеріп, конференц-зал, коворкингтер, қонақүй бөлмелері, сауда павильондары, бассейндер мен мейрамханалар салуы қажет. Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы –3179,9 шаршы метр. Жанында жалпы ауданы 331,8 шаршы метр шаруашылық құрылыстары бар.

Құжат бойынша, 3 жыл ішінде нысанды жөндеп және іске қосу үшін кемінде 800 млн теңге қажет. Тікелей инвестициялар: 50% – 400 млн теңге – бірінші жылы, 25% – 200 млн теңге – әрбір келесі жылы салынуы тиіс.

«Сенімгерлік басқару кезеңінде нысанды сатуға немесе кепілге беруге жол болмайды. Сенімгерлік басқару шартының қолданылу мерзімі өткеннен кейін, объектіні сатып алу құқығы беріледі», – деп жазылған құжатта.

Сауда барысында жеңімпазды таңдау критерийлері қандай?

«Сатып алудың ең көп сомасын ұсынған қатысушыларға қойылатын талаптарға сәйкес келетін қатысушы тендердің жеңімпазы болып танылады», – деп жазылған порталда.

Бұған дейін Сара Назарбаева негізін қалаған институт мемлекет меншігіне өткен еді. Аталған институт соңғы екі жылда жұмыс бағытын өзгертіп, ребрендинг жасаған болатын. Оған дейін «Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты» деп аталып келді.