18 маусымда өткен Үкімет отырысында еліміздегі интернет пен ұялы байланыстың сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Интернет-трафик пен абоненттер санының үздіксіз өсуі байқалып, жаңа 5G байланыс стандарты енгізіліп жатқанда, мемлекеттік органдарға тұтынушылардан байланыс пен интернет сапасына, сондай-ақ олардың қымбаттығына қатысты шағымдар жиілеген. Бұл туралы Halyk Finance Талдау орталығының сарапшысы Мадина Қабжалалова жазды.
Сапаға қандай факторлар әсер етеді?
«Бұл жағдай ұялы байланыс операторлары арасындағы бәсекелестіктің төмендігі, сондай-ақ мемлекеттің осы нарыққа қатысу үлесінің жоғары болуының салдары. Мемлекеттік компания нарықта басымдыққа ие. Дегенмен бірнеше жыл бұрын халықаралық операторлар нарықта болған кезде ол айтарлықтай бәсекеге қабілетті болды. Осының аясында жақын арада катарлық инвестордың мемлекеттік оператордың бір бөлігін сатып алуы бәсекелестікті арттырып, сапа мен тарифтерге оң әсер етеді деп сенеміз», – деді сарапшы.
Байланыс пен интернет сапасына шағым көп
Бұған қоса Үкімет отырысында цифрландыруды одан әрі дамытудың маңыздылығы айтылды. Дегенмен ұялы байланыс пен интернеттің сапасы мен тарифтеріне қатысты мәселелер жетіп артылады. Себебі байланыс пен интернет сапасына шағым көп.
«Оның негізгі себебі – нарықтағы ойыншылар санының аздығын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ұялы байланыс қызметтері нарығындағы бәсекелестік проблемалары туралы көптен бері айтып келеді», – деп атап өтті маман.
Өткен жылдың соңында Агенттік салаға қатысты талдау жариялады. Құжатта нарықта екі ойыншы ғана қызмет ететіні жазылған. Олар мемлекеттік «Қазақтелеком» АҚ (Kcell және Tele2/Altel ұялы байланыс операторлары) және жеке «Кар-Тел» ЖШС (Beeline).
«Мемлекеттік компанияның жалпы нарықтағы үлесі басым – 63%. Бұл жағдай тәуекел тудырады. Себебі олар өзара сөз байласуы мүмкін», – деді Halyk Finance Талдау орталығының сарапшысы.
Тарифтердің өсуіне қатысты тергеу басталды
Сондықтан Агенттік тарифтік жоспарлар бағасының тұрақты өсуіне байланысты негізгі ұялы байланыс операторларына қатысты тергеуді бастады. Ұялы байланыс операторларының өздері бұл динамиканы 5G технологияларын енгізуге инвестицияларды ұлғайту, сондай-ақ 5G радиожиіліктерін сатып алу қажеттілігімен байланыстырады.
Еске сала кетсек, 2022 жылдың соңында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 5G радиожиіліктерін сату бойынша аукцион өткізді. Оның нәтижесінде барлық лотты «Қазақтелеком» АҚ сатып алды. Ал қажетті инвестиция көлемі 160 млрд теңгеге бағаланып отыр.
Бұл ретте Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі аукционды өткізу тәртібін сынға алып, оның бәсекелестікке қарсы бірнеше себебін атады.
Біріншіден, көптеген әлеуетті қатысушы аукционнан шеттетілді. Екіншіден, аукцион тым үлкен лоттарды қамтыды және соңында екеуі ғана қалды. Бұған қоса ол екеуі де мемлекеттік компанияға бұйырды. Үшіншіден, аукциондағы жалғыз қатысушының жеңісі оған инфрақұрылымға инвестициялар бойынша жоғары міндеттемелерді жүктейді, бұл бағаға әсер етпеуі мүмкін емес.
Үміт басым…
Сарапшының айтуынша, Tele2 және Altel компанияларын сату туралы шешім нарыққа оң әсер етеді.
«Жаңа ойыншы шетелдік бола отырып, қызмет көрсету стандарттарын айтарлықтай жақсарта алады. Сондай-ақ қалған 5G жиіліктерін сату үшін өткізу жоспарланған тағы бір аукцион үш жылға кейінге шегеріледі. Осы уақытқа дейін аукционның шарттары қайта қаралуы мүмкін. Ол бәсекеге қабілетті болады және нарыққа инвестиция жасай алатын жаңа қатысушылар пайда болуы мүмкін», – деп қорытындылады Мадина Қабжалалова.
Еске сала кетсек, Altel/Tele2 байланыс операторларына иелік ететін «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ні қатарлық инвесторға сатудан түтесін қаржы Ұлттық қорға құйылуы мүмкін. Алайда жеке акционерлер қауымдастығы мұнымен келіспейді. QAMS қауымдастығының атқарушы директоры Данияр Темірбаев осы мәселені көтеріп Конституциялық сотқа жүгінген.