Қырғызстанның арнайы қызметі ұйымдасқан қылмыстық топты қаржыландырды деген күдікке ілінген қазақстандық кәсіпкер Владимир Жұманбаевқа қатысты қылмыстық істі тергеуді тоқтатты. Бұл туралы Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады.
«19 маусым күні құзырлы органдар Жұманбаевтың қатысуымен жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Оның нәтижесінде В.Жұманбаевқа қатысты бұрын тағылған айыптар алынып тасталды. Сотқа дейінгі іс жүргізу тоқтатылды», – деп жазылған хабарламада.
Еске сала кетсек, 5 маусым Forbes тізіміндегі қазақстандық кәсіпкер Жұманбаевқа Қырғызстанда іздеу салынды. Оған ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне және қаржыландыруға қатысты деген айып тағылған.
Жиналған материалдар негізінде Бішкек қаласы Октябрь аудандық сотының қаулысымен Жұманбаевқа сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалған. Оған мемлекетаралық және Интерполдың Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің желісі бойынша іздеу салынған.
Кейін Kazakhmys Holding миллиардер Жұманбаевтың қырғызстандық қылмыстық топты қаржыландырғанын жоққа шығарды.
Қырғыз Республикасы Қазақстан азаматы Владимир Жұманбаевқа іздеу салғаны туралы Қазақстанға ресми түрде жүгінбеген. Бұл туралы «Курсивтің» сауалына берген жауабында Бас прокуратура жазды.