Бүкіл Қазақстан аумағындағы сейсмикалық қауіпсіздікке жауапты ғылыми орталықта қысқарту жүріп жатқаны рас па?
20 маусым Алматыда 2 балдық жер сілкінісі тіркелді. Зілзала ошағы Қытай және Қырғызстан аумағында. Ал бұл тұста бүкіл Қазақстан аумағындағы сейсмикалық қауіпсіздікке жауапты мекемеде мамандарды қысқарту жүріп жатыр. Бұл туралы ғылыми орталық мамандары БАҚ өкілдеріне хабарлады.
Сейсмология институтының қызметкерлері ұйым қаржылық қиындықтарға тап болғанын айтады. Сондықтан мамандары жалақысыз демалысқа жіберілген көрінеді. Олардың айтуынша, жиналыс өтіп, жұмыс орнын сақтайтын қызметкерлердің тізімдері бекітілген. Бір зертханаға бір ғана сейсмолог қалдыру жоспарлануда. Ал олардың жалақысы – 85 мың теңге шамасында белгіленбек.
Бұған дейін де Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматыдағы сейсмикалық институттың мүшкіл жағдайын жеткізген еді. Ондағы ғылыми қызметкерлердің жобаларын министрлік кері қайтарып, тіпті айлықтарын да уақытылы алмайтынын атап өтті.
Мәжілістің жалпы отырысына қатысқан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке Бақытжан Базарбек Алматыдағы сейсмикалық институттың бүгінгі ахуалын баяндап берді.
Депутат Алматыдағы сейсмология институтының ғылыми қызметкерлерімен кездескен. Айтуынша, іс жүзінде, ғылыми мекеме қызметкерлері «бейшараның күнін көріп отыр». Ешқандай ғылыми жобалары қабылданбайды. Бүкіл қаржыландырудан кесіп тастаған.
«Қажет десеңіз, олар айлығын ала алмайды. Міне, сондай дәрежеге жетіп отыр. Ал сейсмостансалардың өзі қаңылтыр темір. Сейсмоқауіпсіздіктің дәрежесі осындай. Қазір сейсмология институты ТЖМ қарамағында. Сейсмолог ғалымдардың пікірінше, бұл – қателік. Оны ғылым және жоғары білім министрлігіне қайтару керек», – деп дабыл қақты мәжілісмен.
Алматы әкімдігінің хабарлауынша, 1986 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген, жабдықтардың басым бөлігі ескірген, сондай-ақ кадр тапшы. Алдағы уақытта Алматыдағы сейсмология ғылыми орталығының ғимараты жөнделіп, қайта жабдықталады.
Еске сала кетсек, ҚР ТЖМ «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісі тіркелді.
Алматыда болған жер сілкінісінен 8 адам зардап шеккен. Жарақат алған үш адам тұрғын үйлердің 2 және 3-қабатынан секірген. Бұл төтенше жағдайда дабыл қағылмады.