Жаңалықтар

«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ-ға жаңа басшы тағайындалды

Алтай Куздибаев «Бәйтерек» ҰБХ» құрамына кіретін компанияның басқарма төрағасы болды / «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ құрамына кіретін «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ-ның Басқарма төрағасы болып Алтай Куздибаев тағайындалды. Бұрын ол осы компанияда Басқарма төрағасының орынбасары болған еді. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Алтай Куздибаев «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ құрамында 2013 жылдың бері қызметі етіп келеді. Аталған жылдың қараша айынан 2020 жылғы тамызға дейін «Бәйтерек девелопмент» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

Ал холдинг құрамындағы тұрғын үй блогына кіретін компаниялар біріктірілген соң, ол «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ-ның  Басқарма төрағасының орынбасары лауазымына ауыстырылды.

Айта кету керек, «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингіне кіретін «Бәйтерек девелопмент», «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры», «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» акционерлік қоғамдары біріктірідіп, «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ болып қайта құрылған еді.

1985 жылы дүниеге келген Алтай Куздибаев М.В. Ломоносов атындағы ММУ-де «Халықаралық экономика» мамандығы бойынша білім алған. Менеджмент магистрі.

Еңбек жолын 2008 жылы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-да бастаған. 2009 -2012 жылдары «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС-де жұмыс істеді.

2012 жылғы қарашадан 2013 жылға дейін Ұлттық Банктің еншілес ұйымы «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары болды.

«Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ 2023 жылы клиенттеріне 116,7 млн теңге көлемінде кредит берген.

Ол еліміздегі бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторы. Компания 2023 жылы 41,85 млрд теңге таза пайда тапқан. Жалғыз акционері – «Бәйтерек» холдингіне таза пайдасынан 29,3 млрд теңге дивиденд төлемек.