Жаңалықтар

Германияда қаза тапқан қазақстандық экс-судьядан пышақ жарақаттары табылды

Марқұмның қолы, мойны және беті пышақпен тілінген / Фото: видеодан кадр

Германияда қаза тапқан қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваға қатысты тың дерек шықты. Криминалистер жүргізген сот-медициналық сараптама нәтижесі жарияланды.

BILD басылымының хабарлауынша марқұмның қолы, мойны және беті пышақпен тілінген. Прокуратура әзірге бұл іс бойынша бірде-бір күдікті жоқ екенін мәлімдейді.

«Біздің болжамымызша, төбелес болған, әйелге шабуыл жасалды және ол өзін қорғаған болуы керек», – деді тергеуші.

Марқұмның ағасы Қанат Сайлыбаев қарындасын туған жеріне жерлегісі келетінін жеткізді.

«Айгүл өте ашық, жауапты адам болатын. Ол қызын бәрінен де жақсы көрді және аяулы ана бола білді. Айгүлдің өліміне кім кінәлі болса, ол әділ жазаға тартылып, әділдік орнайды деп сенемін», – деді ол.

Айта кетейік, 4 маусым күні таңертең Сайлыбаева екі жасар қызы Жаклинді балабақшаға апарады. Содан бері оны ешкім көрмеген. Арада 12 күн өткенде оның денесі қаланың шетінен пластикалық қапшыққа салынған күйі табылды.

Сайлыбаевамен бір мезгілде оның Ресейден келген 49 жастағы қайын енесі Наталья Донцова жоғалып кетті. 4 маусымда ол немересін балабақшадан алып, үйіне алып келген. Содан бері одан да еш хабар жоқ. Қазір Жаклин әкесімен бірге.

5 маусымда Германияның Франкфурт қаласындағы ҚР-ның бас консулдығына Қазақстан азаматтарынан арыз түскен. Қазақстандық әйелдің туыстары оның 3 маусымнан бері хабар-ошарсыз кеткенін айтқан.

 14 маусым күні жоғалған азаматшаның ағасы Қанат Сайлыбаев Германияға ұшу үшін әлі виза ала алмай жатқанын мәлімдеді.  Ол қарындасының хабар-ошарсыз кеткеніне он күннен асқанын, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Германия Сыртқы істер министрлігіне визалық қолдау көрсетуді сұрап, үш ресми өтініш жолдағанын айтты. Алайда неміс билігінен жауап болмаған.

17-маусымда із-түссіз жоғалған қазақстандық Айгүл Сайлыбаеваны іздеу үшін туыстары Германияға аттанады. Экс-судьяның жақындарына виза алуға Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі көмектесті.