Қазақстанда ескі көліктерге салынатын салық екі есеге азаяды – Ұлттық экономика вице-министрі

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Автокөліктің шыққан жылы неғұрлым ескі болса, көлік иесі соғұрлым аз мөлшерде салық төлейді / Фото: архив kursiv.media         

Елімізде ескі автокөлікке салынатын салық екі есеге азаяды. Осылай деп мәлімдеген Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин көлік  салығы бойынша қандай мөлшерлеме бектілетінін айтты.

«Атамекен» ҰКП-да жаңа Салық кодексінің тұсаукесері барысында вице-министр көлік салығының пайызы төмендейтінін айтты. Көлік салығын төмендету мәселесі жаңа Салық кодексінің жобасында қарастырылған.

«Көлік иелерін алаңдататын бір мәселеге тоқталғым келеді. Енді көлік құралдары бойынша барлық жеке тұлға үшін көлік салығының ставкалары төмендетілетін болады. Егер автокөліктің қолданылу мерзімі 10 жылдан асқан болса, онда салық ставкасы 30%-ға төмендейді. Ал егер 20 жылдан асса екі есеге, яғни 50%-ға қысқарды», – деді вице-министр .

Екінші мәселе зейнеткерлерге қатысты.

«Зейнеткерлер үшін жеке табыс салығының мөлшерлемесін төмендетеміз, яғни зейнеткерлер табыс салығын төлемейді. Бұл негізінен жаңа Салық кодексі аясындағы ұсыныстар», – деп түсіндірді вице-министр.

Осыған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов көлік салығында қандай өзгеріс болатынын түсіндірген еді. Шыққанына 20 жылдан асқан көліктерге салынатын салықтың мөлшері қазіргіден екі есеге аз болатынын айтқан болатын.

Үкімет басшысы депутттарға берген жауабында жаңа тарифті белгілеу жұмысы жүріп жатқанын және салық кодексіне тиісті өзгеріс енетінін жеткізді. Яғни автокөліктің шыққан жылына қарай салық салудың сараланған тәсілі қарастырылуда.

«Көлік құралдарына салынатын салық ставкалары бойынша төмендету коэффиценттерін белгілеу ұсынылады: шығарылған жылы 10 жылдан 20 жылға дейінгі автокөліктер үшін, 0,7; – шығарылғанына 20 жылдан астам автомобильдер үшін – 0,5»,- делінген Премьер-министрдің жауабында.

Автокөліктің шыққан жылы неғұрлым ескі болса, көлік иесі соғұрлым аз мөлшерде салық төлейді. Бүгінгі таңда жеңіл автокөліктерге салынатын салықтың сомасы қозғалтқыштың көлеміне байланысты: 1 АЕК – тен 117 АЕК-ке дейін (3 692-ден 432 964 теңгеге дейін).

Елдегі автокөліктердің 63 пайызының пайдалану мерзімі 10 жылдан асып кеткен

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов сенаторлардың утильалым төлемінің мөлшерін азайту туралы бастамасына қатысты да жауап берген еді. Үкіметтің мәлімдеуінше, утильалым төлемінің мөлшері азайғаннан кейін қазақстандықтар жаппай ескі көліктерге көше бастаған.

Үкімет басшысының мәлімдеуінше, еліміздегі утиль төлемі көрші мемлекеттермен салыстырғанда айтарлықтай аз. Олжас Бектенов 2015 жылы бұл төлемді енгізу көлік паркін жаңартуды ынталандыру және экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында жасалғанын атап өтті. 2015 жылдың басында елдегі автокөліктердің 75,4 пайызының пайдалану мерзімі 10 жылдан асып кеткен.

Сондай-ақ оқыңыз